Бақытың да, байлығың да – ДЕНСАУЛЫҚ
Бүгінде темекі шегушілік, маскүнемдік, нашақорлық қазіргі заманның әлеуметтік, экономикалық сонымен бірге психология-педагогикалық, медицина-биологиялық проблемалардың ең өзектісі болып отыр. Ғалым мамандардың айтуынша, маскүнемдік, темекі шегушілік және нашақорлық тек үлкендердің ғана емес, балалардың, жасөспірім жеткіншектердің тіпті қыз-келіншектеріміздің арасына да кең таралуда. Мүмкін оқушы балаларымыздың салауатты өмір салтына деген саналы көзқарастың жеткіліксіздігінен, рухани деңгейіміздің төмендігінен осындай жайттардың кең өрістеуіне себепкер шығар. Оған үлкен тосқауыл – алдын-алу шаралары болып табылатыны сөзсіз. Міне, осы көкейтесті мәселе бойынша Қостанай қаласындағы №9 орта мектебі директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Әсел Байқадамовамен жан-жақты әңгімелелескен едік.
– Әрдайым, жаңа оқу жылы басында маскүнемдік пен нашақорлықтың, темекі шегушіліктің алдын-алу үшін арнайы жоспар құрылып, жыл бойы мектеп медбикесі, психологы, әлеуметтік педагог бірлесе жұмыс жасайды. Сынып жетекшілері бірлестігінде наркобекеттер құрылып, ай сайын жиналыс өткізіліп, мектептегі оқушылардың ондай зиянды әдеттерден аулақ жүруі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Зиянды әрекеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жоспарлы түрде спорттық ойындар мен сайыстар, шаралар өткіземіз. Және де мектептегі "Жас ұлан" ұйымы халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні акция ұйымдастырды. Оқу жылының басында өмірдің кейбір сәтсіз жағдайларына тап болған отбасыларының ата-аналарына мектеп психологы, әлеуметтік педагог арнайы семинар, тренинг сабақтарын жүргізеді.Осы сабақтардың басты мақсаты – ондай отбасыларынан шыққан балалардың зиянды әдеттерге әуестенбей, салаутты өмір салтына шақыру. Оқушылардың арасында нашақорлық, маскүнемдік, темекі шегуге ескерту жөніндегі алдын-алу мониторингі талданып, жиналыстарда сынып жетекшілеріне ескертіліп айтылады.
– Қазіргі кезде қай мектепті алмайық, наркобекеттер құрылып, тиісінше жұмыстар атқарып жатқаны. Олардың да көмегі бар ма?
– Әрине. Сондықтан мектебімізде салауатты өмір салтын насихаттайтын, бос уақытты тиімді пайдалану, денсаулықты сақтау және нығайту және де зиянды әрекеттерден аулақ болу, олардың алдын алу секілді қандай шара ұйымдастырмайық, барлығына да оқушыларды, ата-аналар мен мұғалімдерді тартып, яғни үштік одағы бірігіп жұмыс атқарса, жұмыс қорытындысы да нәтижелі болмақ. Құр құрғақ сөздерден гөрі, атқарылатын жұмыстарға, іс-шараларға оқушы балаларымыздың өздері қатысып, өздері атқарса, олар да жауапкершілікті сезінетін болады. Ата-аналарымыз да қол ұшын беріп, қандай шара ұйымдастырмайық белсене араласады. Сонымен бірге сынып жетекшілерінің жоспарлаған тәрбие сағаттарында маскүнемдік пен нашақорлық тақырыбы қамтылған. Қостанай облыстық кино көрсететін үйімен бірлесе оқушыларымызға деректі фильмдер көрсетеміз. Қараша айында СПИД орталығынан арнайы мамандар келіп, мәселен, "Есірткіге жол жоқ!", "ЖҚТБ – қауіпті дерт" тақырыбында жоғарғы сынып оқушыларына дәріс оқыды. Осындай жұмыстардың іске асырылуының нәтижесінде №9 ОМ оқушыларының арасында маскүнемдік, нашақорлық бойынша есепте тұрған жан жоқ. Оқушылар салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден аулақ жүреді деп айта аламыз. Отбасылық-адамгершілік құндылықтарды үнемі насихаттауымыз қажет, одан ұтылмаймыз.
Ал, енді наркобекетке келер болсақ, оның құрамында сынып жетекшілері, мектеп медбикесі, психологі, тәлімгері бар. Ең алдымен нашақорлыққа қарсы күрестің алдын алу жоспары құрылады. Сол жоспар аясында оқушыларымыз темекі, ішімдік, есірткі заттарын пайдаланудың физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік зардаптары туралы ақпарат алу үшін арнайы қаламыздағы нарко-психодиспансерлерінен маман-дәрігерлерді шақырамыз. Іс-шараларға келер болсақ, мысалы, біршамасын айтып кетейін, медбикеміз 8-11 сынып оқушыларына арнап, "Нашақорлық – ең ауыр індет" тақырыбында дәріс, баяндама оқылып, слайд, бейнефильмдер көрсетсе, биология пәнінің мұғалімі Г.Мұқанова "Қу арақтың кесірі" тақырыбында танымдық сабақ өткізді. Мектеп психологі Д.Тлебаева "Нәзік жандардың ғасыр дертіне шалдығуы" тақырыбында қыздар жиналысын өткізді. Ол да үлкен жұмыс. Мектеп тәлімгері С. Әбжанова "Салауаттылық – өмір өлшемі" атты топтық би жарысын ұйымдастырса, бейнелеу пәнінің мұғалімі Г.Әуелбекова "Ішімдікке ЖОҚде" тақырыбында сурет көрмесін ұйымдастырды. Әр іс-шараның өзіндік маңызы, көтерер міндеті, берер тағылымы бар. Сондықтан да қоғамда кездесетін осындай келеңсіз, зиянды әрекеттердің, атап айтқанда, маскүнемдік пен нашақорлықтың, темекі шегушіліктің алдын-алу үшін қандай да болмасын үлкенді-кішілі іс-шараларды қарсы пайдалана білуіміз керек. Маскүнемдік, темекі шегушілік және нашақорлық тудыратын проблемаларды тек мұғалімнің я тиісті мамандардың не болмаса құқыққорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы деп қарамауымыз қажет, барлығымыз бірлесе, жұмыла осы зиянды әрекеттерге тосқауыл қоя білсек, қалауын тапса қар жанады емес пе. Балаларымыздың болашағын ойласақ, салауатты өмір салтын насихаттап, біз, үлкендер, өмірдің қым-қуат тіршілігі дей бермей, бар бос уақытымызды пайдаланып, балаларымызбен бірге болайық, денсаулығымызды шынықтырып, спортпен шұғылданып, шымыр болайық дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Гүлназым
САҒИТОВА