Жемқорлық азайғанмен, босаңсуға болмайды
Жыл басынан бері құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты 42 қылмыстық іс қозғалды. Оның 8-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Бұл туралы облыстық филармонияда өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында облыстық ІІД бастығының орынбасары Бақытжан Ералин айтты. Сондай-ақ, 18 тұлға парақорлық жасағаны үшін қызметінен қуылды.
-Соңғы үш жылда облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері арасында жемқорлыққа жол бермеу және ескерту бағытында жұмыстар өткізіліп жатыр. Әрбір заңбұзушылық фактісіне қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі. Биыл тәртіптік комиссияның 9 отырысы өтіп, соның қорытындысы бойынша қырыққа жуық қызметкер мен олардың басшыларына түрлі жаза қолданылды. Оның 18-і теріс әрекеті үшін жұмыстан босатылды. Ағымдағы жылы облыстық ІІД қызметкерлері арасында жемқорлыққа жол берген 4 дерек анықталды. Бұлардың барлығы да жол полициясы қызметкерлері. Төртеуі де жұмыстан қуылды, – деді Б.Ералин.
Мемлекеттік қызметкерлер арасында да ашкөздікке жол беретіндер жоқ емес. Өткен жылдың он айында жемқорлық әрекеті 104-ке жеткен болса, биыл бұл көрсеткіш 43% төмен. Қостанай облысы әкімдігінің аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімі меңгерушісі Қайрат Оспановтың айтуынша, осы он айда тәртіптік кеңесте 13 мәжіліс өтіп, 50 тәртіптік іс қаралыпты.
– Тәртіптік кеңесте өткен жылмен салыстырғанда 30 іс аз қаралса да, екпін басшылық құрамға жасалып отыр. Ал мамандарға келер болсақ, олардың әрекеті жергілікті деңгейде қаралуда. Жемқорлық деректерінің азаюы – насихат, алдын алу жұмыстарының тиімді жүргізілуі. Дегенмен осыған тоқмейілсіп, тоқтап қалмай, қажетті шараларды жүргізе беруіміз керек, -деді облыс әкімі.
Шұға Қоңқабай