Тордағы тотылар
Мына күннің суығында ыстық елді мекен ететін тоты құстарды көру қызық екен. Қаламызға екі айға "қонаққа" келген ерекше көрме облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бір бөлмесіне орналасқан.
Экзотикалық құстардың 22 түрін топтастырған қазақстандық көшпелі көрме Тобыл өңірде алғаш рет келіп отыр. Бір айдың ішінде көрмеге қалалықтар көп келіп жатыр. Балаларын, немерелерін ертіп алғандар өздері де балаша қызықтап жүр. Тор ішіндегі тотыларды күтіп, баптау да аса қиын емес дейді көрме ұйымдастырушылар. Бұлардың арасында "қызыл кітапқа" енген мүйізтұмсықты құстар да бар. Құстардың салмағы, ең жеңілі бірнеше грамм ғана тартса, ірісі 3 келіден асады.
Келушілерге тропикалық құстарды тамашалап қана қоймай, суретке түсуге, тіпті, тамақтандырып, дыбыстап "сөйлесуге" де рұқсат берілген. Тылсымға толы әлемде адамның айтқанын жарыса істейтін тіршілік иелерінің бірі осы тотықұстар. Адамша сөйлеп, адамша сайрайтын бұл құстардың өмірі ерекшелікке толы.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Суретте: көрмедегі тотықұстар.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.