Аманкелдіде өткен облыстық турнир жас боксшылардың тәрбие мектебіне айналды

Осы бір асыл азаматты аманкелділіктер ешқашан ұмытқан емес. Бокс туралы әңгіме бола қалса, оның есімі алдымен ауызға оралады. Ол 1960 жылы Қостанай қаласында техникумда оқып жүргенінде Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген бапкері Б.Гравицийскидің қамқорлығымен "Ең-бек" спорт залында бокспен шұғылданып, оның қыр-сырын жетік меңгеріп, үздік боксшылардың алғы сапынан көрінді. Кейін, 1967 жылдан бастап Аманкелді спорт мектебінің базасында бокс-тан бапкерлік қызмет жасап, бірнеше мәрте Торғай облысының жеңімпаздарын даярлап шығарды. Жақсылық Жансейіт-ұлының облысымыз бойынша бокс өнерін дамытуға кезінде сіңірген ерен еңбегін елеген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы былтырғы жылдан бастап Аманкелдіде бокстан Жақсылық Жансейітов атындағы облыстық турнирді өткізуде. Бұл ретте аталмыш басқарманың басшысы Сергей Матвиенконың жанашырлығын атап өткен орынды. Былтыр оның қамқорлығымен Аманкелдіде бокстан Ж.Жансейітов атындағы алғашқы турнир жақсы деңгейде өтті.
Енді, міне, облыстық осы турнир екінші рет таяуда тағы да Аманкелді ауданының орталығындағы балалар мен жасөспі-рімдер спорт мектебінде өткізілді. Оған: 1999-2000 жылы туғандар және 2003-2004 жылы туғандар мен 2005 жылы туғандар қатысты. Аталмыш сайысқа Қостанай, Арқалық қалалары мен Қарабалық, Науырзым, Жанкелдин, Аманкелді аудандарының жасөспірім былғары қолғап шеберлері қатысты. Облыстық турнир салтанатты түрде ашылды. Ж.Жансейітов атындағы бұл турнирге қатысушыларды Аманкелді ауданының әкімі Жансұлтан Таукенов құттықтап, олардың барлығына бірдей сәттілік тіледі.
1999-2000 жылдарда туған былғары қолғап шеберлері 36, 48, 50, 52 килограмм салмақ дәрежесінде; 2003-2004 жылдарда туғандар 26, 28, 30, 32, 34 килограмм салмақ дәрежесінде; ал 2005 жылы туғандар 28, 30, 34 килограмм салмақ дәрежесінде бар өнерлерін салып, сайысқа түсті. Ешқайсысы аянып қалған жоқ.
Аманкелді ауданының орталығында 3 күнге созылған Ж.Жансейітов атындағы облыстық турнир жоғары деңгейде өтті. Боксшыларға барлық жағдай жасалды. Бұл турнир Аманкелді ауданында көп жылдардан бері үзіліп қалған бокс өнерін дамытуға елеу-лі ықпал етуде. Оның бір нәтижесі былтырғы жылдан бастап ауданда белгілі боксшы, спорт ардагері Жеңіс Махатов жас балаларды боксқа әзірлеуде. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Аз уақыттың ішінде оның шәкірттері облыстық және республикалық сайыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мысалы оның шәкірті Елдархан Ағатанов облыс және республика сайыстарында жеңімпаз атанып жүр. Сол сияқты, биыл Әзи Мейрамов деген жас боксшы да шәкірттер тәрбиелеуге кірісті. Ол жаттықтырып жүрген былғары қолғап шеберлерінің де алғашқы нәтижелері жаман емес.

Хамитбек
МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суреттерде: турнирден көріністер.
Суреттерді түсірген автор.