“Қолдасбаев барысы” атанды
Аудандағы Б.Қолдасбаев атындағы орта мектеп (директоры Абай Айтмағанбетов) – жаңашыл, ізденімпаз білім ұясы. Ол облысымыз бойынша үздік мектептер қатарында. Білім беру ісінде аудан мектептерінің көшбасшысы. Мектеп ұжымы әр жыл сайын жаңалық жасап отырады. Мұның жарқын бір мысалы, таяуда аудан мектептері арасында бірінші болып қазақша күрестен "Қолдасбаев барысы" сайысын өткізуі болды.
Сайыс ереже бойынша 3 топқа бөлінді. 1-ші топта – 5-6 сынып оқушылары, 2-ші топта – 7-8 сынып оқушылары, 3-ші топта – 9-11 сынып оқушылары бақ сынасты. Сайысты арнайы шақырылған спорт шеберлері мен аудан жұртшылығы тамашалады.
Сайысқа 30-дан астам үміткер қатысып, күш сынасты. Жарыс басталар алдында оларға ауданның құрметті ақсақалы Нәжібек қажы Оспанов бата берді. Сайыс өткен спорт залда слайд-шоу қосылып, қабырғаларға заман талабына сай банерлер ілініп, төрешілер, бапкерлер қамшысын ұстап жанкүйер болды.
Аталмыш сайысқа қатысушылар лақап аттармен қатысты. Атап айтқанда: Мирас Нұрбаевтың лақап аты – "Байтажы батыр". Дәл осылай әр қатысушы бапкерімен және лақап аттарымен шықты. Халқымыз ат қоюға қашаннан шебер ғой. "Тайлақ", "Арыстан", "Жолбарыс", "Қабылан", "Арлан", "Ақташы арланы", "Өтей арланы", "Ақ аю", "Қайыпперлі", "Ақ барыс", "Қараман сұңқары", "Қара бала", "Арғын барысы" деген лақап аттар болды.
Үш жарым сағатқа созылған бала балуандар сайысында 5-6 сынып оқушылары аралығында "Қолдасбаев барысы" атағын: 6-шы "В" сынып оқушысы Б.Абзал; 7-8 сынып оқушылары арасында бақ сынасып, алға шыққан 8-ші "Б" сынып оқушысы Ж.Ізтаев; 9-11 сынып оқушылары аралығындағы сайыста тамаша жеңіске жеткен 11 "А" сынып оқушысы Ә.Ағыбайлар жеңіп алды. Оларға аудан спортының ардагерлері: Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Ерлан Баймағанбетов, Берік Сейдағалиев, Мұрат Тұрмағанбетов және "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абзал Ташимов Астана қаласында арнайы тапсырыспен жасалған "Қолдасбаев барысы" медалі мен ақшалай сыйлықтардың сертификаттарын тапсырды.
Сайыс өте тартымды өтті.
Хамитбек
МҰСАБАЕВ
Суретте: Үш топ бойынша "Қолдасбаев барысы" атанған оқушы балуандар.