Жолақы қымбаттайды
Қостанай қаласында жаңа жылдан бастап қоғамдық көлікпен жол жүру ақысы өседі. Картамен төлеу – 100 теңге, қолма-қол есептесу құны 170 теңге болады. Бұл туралы қалалық ТКШ бөлімі автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов арнайы брифингте айтты.
Тасымалдаушылар тариф құнын өсіру туралы бұрыннан айтып жүрген. Тамыз айында бұл мәселе шарықтау шегіне жетіп, қызу талқыға түсті. Себебі, елде автобөлшектер, жанар-жағармай бағасы күрт өсіп, қымбатшылық қос бүйірден қыса бастады. Тарифті өсіру туралы қаулы жобасы Әділет министрлігінде қазан айында тіркеліпті. Қазір құжат қабылданып, жақын арада күшіне енеді. Осылайша, 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап жолақы ресми түрде қымбаттайды. Жаңа тариф бойынша балалар 50 теңге, зейнеткерлер 90 теңге төлеуі тиіс. Қала шетіне қатынау ақысы шақырымына 5 теңгеден өседі. Мәселен, карта пайдалансаңыз, Тобыл қаласына дейін 90 теңге, ақшамен есептессеңіз 170 теңге төлейсіз.
– Жол құны соңғы рет 2017 жылы өскен. 2018 жылдан бері қалалық тасымалдаушылар тарапынан бағаны арттыру туралы бірнеше мәрте өтініш келіп түсті. Біз бағаны бір қалыпты сақтап тұрдық. Тасымалдаушылардың жыл сайынғы өтініштері негізінде алдағы жаңа жылдан бастап баға өзгеретін болады. Қазіргі уақытта жолақы бағасын өсіру туралу қаулы Әділет министрлігінде тіркеліп, қол қойылған. Келер жылдан бастап күшіне енеді,-деді Нұрдәулет Бейсенов
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.