Кәсіподақ сала мамандарын марапаттады
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында "Қостанай облысының кәсіподақ орталығы" әр салада табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге құрмет көрсетті.
Ұйым төрағасы Ирина Аронова салтанатты жиынға қатысқан әрбір әйел бірлестіктің белсенді мүшелері екенін атап өтті.
– Кәсіподақ кез келген қиындықты еңсеруге, дамытуға, өмірлік белсенді ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Негізгі бағытымыздың бірі – өздеріңіз тәрізді нәзік жандыларға қолдау білдіру, құрмет көрсету. Сіздер оған лайықсыздар. Қай – қайсыңыз да адал еңбектеріңіздің арқасында кәсіпорын жұмысының дамуына үлес қосып жүрсіздер, – деді Ирина Аронова құттықтау сөзінде.
Зәуреш Ілімжанова ең алғаш еңбек жолын 1998 жылы Қамысты аудандық ауруханасында реанимация бөлімшесінің медбикесі болып бастады. Қазір Қостанай ауданына қарасты Александр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қызмет етеді.
– Аргаяш медициналық училищесін бітірген соң бірден жұмысқа орналастым. 2008 жылдан бастап Александр ауылында жұмыс істеп келемін. Тәжірибе бар, сондықтан жас мамандарға бар білгенімді үйретудемін. Бұйыртса зейнет жасына да аз қалды. Ұл өсіріп, немере бағып отырмыз. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын, – дейді марапат иесі Зәуреш Ілімжанова.
Зәуреш Мұқатқызының бұл алғашқы марапаты емес. Осы уақытқа дейін атқарған қызметі үшін басқарма басшыларының алғысын алған.
Марапат алған мейрам иелерінің қатарында Гүлмира Оспанова да бар. Ол Қостанай ауданының ветеринарлық станциясының мал дәрігері.
– Әкем мал өсіру маманы (зоотехник) болды. Бала күнімде қыз болсам да әкемнің жұмысына әуестеніп өстім. Мектеп бітіргеннен кейін мал шаруашылығымен айналысатын бригадада жұмыс істедім. Содан кейін Тобыл қаласындағы ауылшаруашылық колледжіне оқуға түсіп, бітірген соң салам бойынша жұмысқа орналастым. Қазір шаруаның нақ қызған шағы. Айлық жұмыстар басталып жатыр. Малдардан қан алу, егу деген секілді. Марапатты алуға жұмыс арасынан уақыт тауып келіп тұрмыз, – деді әке жолын қуған маман иесі Гүлмира Мұхамедқалиқызы.
Кейіпкеріміз былтыр саласы бойынша жоғарғы оқу орнына түскен екен. Төрт қыздан үш немере сүйіп отыр.
Шақырылған қонақтарға кәсіподақ атынан алғыс хат табысталып, гүл мен ақшалай сыйақы берілді.
Сералы МЫРЗАБАЙ