Қостанайда жоғалған әйелді иісшіл ит іздеп тапты
3 наурыз күні таңертең "102" пультіне облыс тұрғыны 61 жастағы анасының жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Соңғы рет оны қала тұрғындары Жеңіс-Алтынсарин көшелерінің қиылысында көрген. Қызының айтуынша, оның есте сақтау қабілеті нашар , сондықтан үйге қайтар жолды таба алмай қалған.Шақыруды қабылдағаннан кейін инспектор-кинолог Диас Игліков оқиға орнына барды. "Алладин" қызметтік-іздестіру итінің көмегімен іздеу жұмыстары басталды.
– Ит жоғалған әйелдің ізін бірден тапты. Біз жақын маңдағы аумақты және Пролетарский көшесінің бойымен 800-1000 метр радиусты айналып өттік. 39-ші үйдің жанынан жоғалған әйел табылды. Ол үйін таба алмағанын айтты. Далада ұзақ жүріп, тоңып қалған. Іздеу жұмыстары шамамен бір сағатқа жуық уақытқа созылды", – деді полиция сержанты.