Өрескелдікке жол бермеу үшін
Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті былтыр 118 аудиторлық шара өткізген.Аудитпен қамтылған қаражат көлемі 67,2 млрд теңгеге жуықтап,16,6 млрд теңгеніңөрескелдігі анықталыпты.Аталған соманың 14 млрд953 млн теңгеге жуығы бюджет заңнамасының бұзылуына тиесілі,соның ішінде 1 млрд 662 млн теңгеге жақын қаржы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзуға қатысты.
Өңірлік коммуникация қызмет алаңында өткен брифингте Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Молдағалиев баяндады. Айтуынша, 16,6 млрд теңгенің 13,5 млрд-қа жуығы қайтарылған. 83 жауапты тұлға тәртіптік жазаға тартылыпты.
«Өткен жылы құқық қорғау органдарына аудиттің 10 материалы жолданса, 3 материал бойынша қылмыстық істер қозғалды. Атап айтсақ, «Қостанай Жылу энергетикалық компаниясы» МКК, Арқалық қаласындағы «Жігер» стадионы» МКҚК, «Арқалық қаласының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ», – деді Ж.Молдағалиев.
Сондай-ақ, камералдық бақылау департаменттің айрықша назарында. Өткен жыл ішінде камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша жоюға 876 хабарлама жіберіліп, кемшіліктер толық көлемде орындалыпты. Ондағы сома 14,7 млрд теңге.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы 545 хаттама жасалды.Оның ішінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 437, бухгалтерлік есепті жүргізуді бұзғаны және есептілікті бұрмалағаны үшін 62, аудиторлық қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін 2, нұсқамаларды орындамағаны және хабарламалар үшін 24 хаттама толтырылды», – деді департамент басшысының орынбасары.
Бұдан бөлек, ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодексінің 207-бабы бойынша 34,3 млн теңгеге жуық сомаға 437, ал ҚР ӘҚБтК 462-бабы бойынша 24 әкімшілік хаттама толтырылған.Заңнамада көзделген өзге де функциялармен қатар,ішкі мемлекеттік аудит департаменті жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды жүзеге асырады. Өткен жылы «Е-өтініш» азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасының деректері бойынша 1750 өтініш келіп түсіпті, оның ішінде 1740 өтініш орындалған.