Сағызша созылған құрылыс

Қостанай қаласының "Юбилейный" шағын ауданындағы №49-шы үйдің құрылысы сонау 2019 жылы басталған еді. Халық құрылыстың аяқталар күнін күте-күте шаршаған. Шыдамдары әбден шегіне жетсе керек,  осы үйдің болашақ тұрғындары қала әкімі Марат Жүндібаевқа жүгінді. Шаһар басшысы құрылыс алаңына барып, көпшіліктің сауалдарына жауап берді.
Бұл – көп балалы, әлеуметтік осал топтарға арналған арендалық тұрғын үй. Барлығы 110 пәтер бар. Соның ішінде қырық пәтер – үш бөлмелі, отыз пәтер – екі бөлмелі, қырық пәтер – бір бөлмелі. 2019 жылы құрылысы басталғанымен, әлі күнге пайдалануға берілмей отыр. Қала әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік сатып алу порталында қайтадан конкурс жарияланып, биылғы 16 қыркүйекте жаңа мердігер ұйым анықталыпты. "Қазбайлық Астана" ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, шаһар басшысы ұзақ жылдық құрылысты қысқа мерзім ішінде аяқтауды тапсырған. Бүгінде тапсырма тиянақты орындалып, ішкі ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды. Сонымен қатар, құжаттарды рәсімдеу, заңдастыру жұмыстары бар.
-№49 үйдің құрылыс жұмыстары 99,9% орындалды. Алдағы үш күн ішінде мердігер ұйым ірілі-ұсақты жұмыстарды тәмамдап, аяқтайды. Құрылыстың сапасына сын жоқ. Құрылысшылар екі-үш ауысыммен, күндіз-түні жұмыс істеді. Менің орынбасарым да осы жерде болды. Өзім де құрылыс нысанына келіп, жұмыстың барысын қадағалап отырдым. Бүгін құрылысты аяқтадық. Енді құжаттарды рәсімдеу ісі қалды. Үйді пайдалануға беру актісі дайын болмайынша, сіздерді мұнда орналастыра алмаймыз. Сіздер бұл үйді ұзақ күттіңіздер. Мен оның бәрін түсінемін. Сабыр сақтап, енді үш апта күтулеріңізді сұраймын. Тұрғын үй құрылысы инспекциясы пәтер кілттерін табыстауға арналған құжаттарды дайындайтын болады.  Алдағы 20 қаңтардан кейін жаңа қонысқа жайғасасыздар, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Кездесуге келген көп балалы ана Лаура Жайсанбекова 2019 жылы әкімдік арқылы үйдің кезегіне тұрғанын айтты. Қазір жолдасы екеуі алты баламен КСК шағын ауданы Текстильщиктер көшесіндегі жатақханада тұрып жатыр.
-Сегіз адамға жатақхананың 16-18 шаршы метрлік бір бөлмесі өте тар. Үлкен балам он жаста. Кішкентайым әлі 1 айға толған жоқ. Үй беріледі дегенде қуанышымыз қойнымызға сыймап еді. Баспанамыздың кілтін алып, өз шаңырағымызда тұрғымыз келеді, – деді Лаура Жайсанбекова.
Шаһар басшысының тапсырмасымен биыл осындай  мәселе тудырған 12 үйдің құрылысы аяқталып, іске қосылған болатын. Марат Қонысбайұлы "сағызша созылған" құрылыстардың мәселесін келесі жылы толықтай шешіп, аяқсыз қалған жұмыстарды тәмамдайтынын жеткізді.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓