Қолынан зер төгілген шебер
Қостанайлық Әлия Сәтмурзина – қолөнердің ерекше түрімен айналысатын ісмер. Ерекше картиналарды «маржан тізу» арқылы салатын мұндай шеберлерді «кристаллайзер» деп атайды. Оның қолынан шыққан әр туынды, шын бағалай білген адамға, қайталанбас көркем дүниелер. Бұл картиналарға қарап отырып, суретшілік, шеберлікпен қоса, асқан ыждақаттылық, темірдей төзім керек екенін түсінесіз.
«Мен, кристаллайзер ретінде, кескіні бөлек картиналарды жасап шығару үшін Swarovski кристалдарын пайдаланамын. Сондай-ақ, тек сапалы материалдарды ғана қолданамын. Әр туындымда жанымның бір бөлшегі жатыр», – дейді Әселдің өзі.
Оның картиналарына арқау болатын белгілі бір тақырып жоқ. Портрет, адам бейнесі, жан-жануарлар , ою-өрнек, таңба-жазулар, карта және т.б. алуан түрлі туындылары бар. Тапсырыс бойынша кез келген суретті қалаған көлеміңізде салып бере алады.
«Мен осы қабілетімді үнемі жетілдіріп, дамытып отырамын. Өйткені осы өнерім арқылы жаныма рахат табамын. Әр картинаға үлкен жауапкершілікпен қараймын. Соның арқасында қай-қайсысы да сапалы болып шығады деп ойлаймын», – дейді шебер.
Әлияның біріне бірі ұқсамайтын таңғажайып туындыларын miss_crystal_kz инста-парақшасынан тамашалауға болады.