Сүт-тауар фермасы салынады

Меңдіқара ауданына қарасты Степанов ауылында құны 6 млрд теңгелік сүт-тауар фермасы салынады. Ауылға арнайы барған облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа "Восток-1" ЖШС басшысы Еркін Бұқанов ферманың болашағы туралы баяндап берді.
– Осы жылы 1200 бас сауын сиырлық сүт-тауар фермасының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Наурыз айының аяғында жобалық-құндық құжаттамасы дайын болады. Қажетті 6 млрд теңгенің 4,8 млрд теңгесі "Тобыл" ӘКК" АҚ арқылы қаржыландырылса, 1,2 млрд теңге өзіміздің есебімізден жүргізіледі, – деп атап өтті Еркін Бұқанов.
Фермада жылына 9 мың тонна сүт өндіру көзделіп отыр. Жоба 2024 жылы белгілінген мерзімде толық аяқталса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Осы жылдың мамыр айының басына қарай қаржыландыруды бастаймыз. Оған дейін барлық құжаттарыңыз дайын болуы керек. Біздің өңірге нағыз қажетті жоба, сондықтан қолдау болады, – деді Құмар Ақсақалов.
Жем-шөп жеткілікті деңгейде. Ауыл шаруашылығы алқабының көлемі 31 889 гектар, оның ішінде егістікке 20 958 гектар, жайылымға 10 931 гектар жер қарастырылған.
Шаруашылық осы уақытқа дейін абердин-ангус тұқымын өсірумен айналысып келеді. Ферма әлеуетін арттыру үшін былтыр 300 млн теңгенің жобасын қолға алған, осы жылы аяқтауды көздеп отыр.
– Мал басын 680-ге жеткіздік. Алдағы міндет 1500 басқа дейін көбейту. Жобаны осы жылы аяқтаймыз. Нәтижесінде жылына 72 тонна ет өндіреміз, – деді Еркін Бұқанов.
Қазір шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Мал суару үшін 178 метрден ұңғыма бұрғыланған.
 
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓