Қостанайда Қонаев атында қор бар…

IMG_6458Қаламызда Д.Қонаев атындағы қор бар. Оның төрағасы болып, жақында Бекқұл Садықов тағайындалды. Өз уақытында жауапты қызмет атқарған Бекқұл ағамыз зейнеткерлікке шыққанда міндеттеп алған осы жұмысын жандандырып, өрісін кеңейткісі келеді. Бірақ, қордың дардай аты болғанымен бүгінгі жайы сын көтерер емес. Орайы келгенде ағамызды жаңа жұмысымен құттықтап, алдағы жоспарымен танысқан едік.
– Бекқұл Садықұлы, жүгі ауыр әрі жауапты қызметті мойныңызға жүктеген екенсіз. Осы қордың міндетімен таныстыра кетсеңіз.
– Елімізде Дінмұхамед Қонаевтың есімін білмейтіндер аз шығар. Десе де бүгінгі буын, жастар жағы ұлы тұлғаны ұмытып, тіптен білмейтін болса мен таң қалмас едім. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қордың атқарар жұмысы көп болуы керек деп ойлаймын. Кең байтақ Қазақстанның қарышты қадамы Д.Қонаев есімімен тығыз байланысты екені ақиқат. Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың аса көрнекті қайраткері Д.Қонаев екенін лайықты бағалап, оған айрықша құрмет көрсетуді парызымыз деп түсінгеніміз жөн. Осыған орай, Қонаев атындағы қоғамдық қор, еліміздің өзге аймақтары қатарлы, біздің өңірде де көп жұмыстарды атқарса игі деп ойлаймын. Бұл қоғамдық қордың мақсаты: аз қамтамасыз етілген отбасыларына, мүмкіндігі шектеліп, білім мен өнерге қолы жетпей жүрген мүгедек жандарға, ата-аналар қамқорлығына зәру жеткіншектерге қайырымдылық көрсету. Одан  қалды 42  жыл  ел басқарған тұлғаның атқарған еңбектерін таныстырып, жастарға  көрсету. Қонаевтің көзін көргендер ол кісінің мәдениеттілігін ерекше айтып жатады. Тұла бойы жағымды қасиеттерге толы азаматты кейінгі жастар үлгі тұтып, пір ете білгеніміз жөн.
– Қоғамдық қор Қостанайда қай жылдары ашылды. Қор-дың бүгінгі жағдайы қандай?
– 1992  жылы Алматыда "Халықаралық Қонаев қоры" құрылып, еліміздің әр облыстарынан ашыла бастады. Осы уақытқа дейін Тобыл өңіріндегі қорды Дәуренбек  Ахметбеков  ағамыз  басқарған болатын. Ендігі кезек маған келіп отыр. Қазір қордың еншісін-де ештеңе жоқ десе де болады. Бұрын қордың қарамағында екі көлік болыпты. Және ол кезде кітапшалар шығарылған. Содан бері қор жұмысы тоқырап қалса да көтерер жүгі ауыр ғой. Қордың 9 мүшесі бар. Барлығы 11 адам жұмыс істейді. Облыстық мұражайдың ішінде шағын ғана кеңсесі бар. Бірақ, ол жер сын көтермейді. Мынау Д.Қонаев ағамыздың қоры деп көрсетуге лайықты болғаны жөн деп ойлаймын. Қазір бар құжаттарды реттеп, қорға қаражат түскенше ісімді атқарудамын. Одан кейін кәсіпкерлерге, ел азаматтарына хат жазып, көмек сұрамақпыз.
– Алға қойған жоспарыңыз қандай?
– Айта берсем, жоспарым көп. Соның бәрі іске асып жатса Димекеңнің аруағы риза болар еді. Оқу орындарында, жастар арасында басқосулар өткізіп, кітаптар шығарып, ол кісінің еңбегін көрсеткім келеді. Жаңа айтқандай, жетім балаларға көмек көрсетсек деген де ой бар. Ең бастысы Қостанайдан Д.Қонаевтың атына бір көше атын беріп, сол жерге ескерткіш қою арманым. Бұл бастама бұрын да көтеріліп, кейін аяқсыз қалып еді. Енді сәтін салса, ел азаматтарымен бірігіп жүзеге асыра жатармыз. Мүмкіндігінше мұражай ашу да қажет. Д.Қонаев атындағы қоғамдық қорға өз үлестерін қосуға ықыласты игі-жақсыларға, қалталы азаматтарға үміт артамыз, сіздерден қайырымдылық қаражатын күтеміз.
Қоғамдық қордың есепшоты: Қостанай облысының "Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев" қоғамдық қоры БИН 970940015685, Банктік есепшот KZ24319М010000392724, Қостанай қаласының "БТА Банк" АҚ БИК-АВKZKZKX, КБЕ-18
Айтолқын
        АЙҚАДАМОВА
Суретті  түсірген  Бағдат     АХМЕТБЕКОВ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓