Үздіктердің үздігі

Облыстық жастар ресурстық орталығы «Jasliga»  жобасы аясында №29 мектепте суперкубок ойындарын өткізді. Оған 2022 жылы жеңімпаз болып, үздік шыққан 6 команда қатысты. Олар баскетбол, шағын футбол, волейбол сынды спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтылар анықталды.
– Жобаның берер пайдасы көп. Басты мақсат – жастар арасындағы спортты дамыту, саламатты өмір салтын ұстанатын жас буынды қалыптастыру. Өткізіліп жатқан жарыс былтырғы жеңімпаздар арасынан үздіктерін анықтау үшін ұйымдастырылды, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының жастар бастамалары секторының басшысы Гүлбарам  Жұмағалиқызы.
Студенттер, жас мамандар және жұмыссыз жүрген жастар да ойын алаңынан табылды. Волейбол ойнында «Намыс» – «KYZBEL», шағын футболдан «Астықжан» – «Саламат»,  баскетболдан «Шанс» – «PULSE» сынды командалар бақ сынады.
– Осы жылға еншіленген жоспарымыз өте көп. Наурыз айында мемлекеттік тапсырыс аясындағы жұмыс жоспары белгілі болмақ, – дейді Г.Жұмағалиқызы.
Жарысқа жиналған жастардың көңіл-күйі көтеріңкі. Тіпті арнайы ойын үшін уақыт бөліп, алыстан ат терлетіп келгендер де бар. Сондай жастың бірі – Саят Мақашұлы. Ол Ақмола облысы Есіл ауданынан келген.
– Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Себебі жастардың басын қосуға негізделген жобаның берер пайдасы көл-көсір. Былтырғы ойында бірінші орынды иеленген едік. Командамызда сақадай сайланған сайыпқырандар бар. Бүгінгі жарыс біз үшін ерекше болды. Жаңа орта, жаңа дос табуға мол мүмкіндіктер сыйлайды, – дейді «KYZBEL» командасының мүшесі Саят.
Тартысқа толы жарыста «Намыс», «Шанс», «Саламат» командалары суперкубок иегері атанды. Қалған командаларға қатысқаны үшін естелік мүшіншелер мен мадақтамалар табыс етілді.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген автор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓