Құмар Ақсақалов: «Спорт нысандарының әрбір шаршы метрі жұмыс істеу керек»
Өткен жылы аймағымызда дене шынықтыру мен спортты дамытуға 15,6 млрд теңге жұмсалған. Өңірде 348 мың адам саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық дене шынықтырумен шұғылданады. Алайда, былтыр 2021 жылға қарағанда, спорттық шаралар 3,3 пайызға кем ұйымдастырылыпты. Тіпті, Федоров, Ұзынкөл, Науырзым, Қамысты, Денисов аудандарында жарыстар саны азайып кеткен. Тіпті, Жітіқара мен Әулиекөл өңірлерінде спорттық додалар екі есеге кеміген. Оған бөлінетін қаржының төмендігі және спорт саласы мен ауылдық әкімдіктердің өзара байланысының жоқтығы себеп.

Саладағы жетістіктермен қоса, кемшіліктері туралы халық алдында есеп берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қайыржан Есімтаев алдағы жоспарларға да тоқталып өтті.

«Балалар спортын дамытуда пайдаланылмаған резервтер бар. Атап айтқанда, осы уақытқа дейін Жанкелдин ауданында балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы құрылмаған. Қамысты, Қарабалық, Меңдіқара, Наурызым және Сарыкөл аудандарында балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубындағы жаттығушылар саны жүз адамнан аспайды. Қостанай ауданында оқушыларды дене шынықтыру даярлығы балалар-жасөспірімдер клубының секцияларымен қамту 2%-дан аз немесе 165 адамды құрайды. Бұл аталған өңірлер әкімдіктерінің осы бағыттағы жұмысының жеткіліксіздігін көрсетеді», – деді Қ.Есімтаев.



«Биыл Аманқарағай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердее тағы 6 кешен салу жоспарлануда. Аманкелді, Бейімбет Майлин, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым және Сарыкөл аудандарының әкімдіктері ағымдағы жылы жобаларды іске асыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Денисов ауданының әкімдігі 2021 жылғы шарт шеңберінде «Самұрық Қазына» Ұлттық компаниясымен Денисов ауылында жабық кешеннің жобасын аяқтаған жөн», – деді басқарма басшысы.


Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов биыл өңірде 7 спорттық сауықтыру кешені бой көтеретінін атап өтті. Бұдан бөлек, әр ауданда жабық мұз корттары салынады. Осыған орай олардың жұмысының жыл бойы жұмыс істеп тұруына ерте бастан дайындалу керек.
«Өткен кезеңге көз жүгіртсек, балалар мен жасөспірімдерді жаттықтыруға қатысты талаптар өзгермеген. Бұған бақылау жоқ деуге болады. 30 спорттық мектепте жиырма мыңнан астам балғын дайындалады, бірақ нәтиже көрмей тұрмыз. Спорт басқармасының әзірлеген ведомствоішілік рейтингі соңғы үш жылда бірде-бір өзгермеген. Қаншама кәсіби клубтар бар, оларда алды мыңдап шәкірт жаттығады, бірақ жергілікті командалар сапында жүргендер тым аз. Спорт ерте жастан қалыптасатынын ескерсек, баскетбол, волейбол, шағын футболдан балалар лигаларын жасақтағанымыз жөн. Спорт түрлерінен сайыстар өткізетін ұйымдар жұмысы да сын көтермейді. Мәселен, облыстық баскетбол, волейбол, футбол федерациялары бар болғаны 3-5 команданың қатысуымен чемпионаттар өткізген. Бұл не сонда? Жаппай қатыспаған соң, нәтиже қайдан болсын. Бұдан бөлек, қаншама спорттық кешендер спортшыларға толмай жатады. Мұндай нысандарда бір минут та бос уақыт болмау керек, үнемі жаттығу өтіп тұруы қажет», – деді облыс әкімі.



«2010 жылдардан бастап облыстық «Тың-Целина» спартакиадасында барлық ойын түрлерінен ұлттық ат спорты сайыстары бөлек өткізіліп келеді. Ал ат ойындарының қорытындысы есепке алынбайды. Осы саланы жалпы спорттық сайыстардың тізіміне енгізсе. Келесі өтінішім – әр аудандарда ат спортынан бапкерлерге штат бөлінсе».

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ