Қостанайда да “Сергек” камералары пайда болмақ

Астанада тәртіп сақшыларының көмекшісіне айналған «Сергек» камералары Қостанайға да орнатылуы мүмкін. Жобаны ұсынушылар 10 қиылыс пен 50 желілік учаскеге фото-бейне тіркеу жүйесін осы жылы іске қосуды жоспарлап отыр.     Аталған жаңалық өңірді цифрландыру саласына қатысты алқа жиынында айтылды. Оған ІТ-компаниялар мен  байланыс операторлары өкілдері қатысты.
"Көркем Телеком" компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Арман Әлмереков "Сергек" автоматты тіркеу жүйесін таныстырды. Олар Қостанай қаласына жоба әзірлеп әкелген.
– Мемлекеттік жекелік-әріптестік жобасы бойынша әріптесті айқындау жөніндегі конкурс жүріп жатыр. Қатысу үшін біздің компания өтініш берді. Әзірлеген жобамызға сай Қостанай қаласына 1000 жалпы бейнебақылау камерасын және қиылыстар мен желілік учаскелерге "Сергек" видеотіркеу жүйесін орнатамыз. Бейнебақылау камераларын полиция департаменті қай жерге орнату керегін өздері шешеді. Көп жағдайда мектептер мен қоғамдық орындарда орнатылады, – деді Арман Әлмереков.
Жаңа видео-фототіркеу жүйесін осы жылы іске қосу жоспарланып отыр. Сол арқылы, жылдамдықты асыратын, "Stop" сызығынан асып кететін және бағдаршамның қызыл түсін елемейтін көлік иелерін анықтайды.
ІТ-көрмеде "QIoT" компаниясының негізін қалаушылардың бірі Қабдолла Біржанов та өзінің жобасын таныстырды. Ол Екібастұз қаласындағы ЖЭО-да болған апаттан кейін температура мен ылғалды тексеретін датчиктер жасап шығарған. Құрылғы апаттың алдын алып, желінің тоған тұсын дәл анықтап бере алады. 
– Датчиктің көмегімен радиоканал арқылы 2 сағатта бір рет жылу құбырындағы температура көрсеткішін біле аламыз. Жылу қондырғысының ыстық су кіретін және шығатын тұсына орнатамыз. Сол арқылы қай пәтер жылусыз қалғанын анықтауға болады. Қандай да бір өзгеріс болған жағдайда, оны да хабарлайды. Бізде осы тәрізді датчиктердің түрі көп. Ұрлықтың алдын алу үшін үйдегі техникаға, мысалы теледидарға орнататын датчик бар. Теледидарды үйден шығарған сәтте сіздің ұялы телефоныңызға смс-хабарлама келеді, – дейді Қабдолла Біржанов.
ІТ маман Рудныйдағы көпқабатты үйлерге де датчиктерді орнатуға болатынын айтады.
– Еліміздің көптеген қалаларында инженерлік желілердің тозығы жеткен. Рудныйдағы ЖЭО-да болған апатты білеміз. Сол қаланың әкімімен кездесуді жоспарлап отырмыз. Қалада 733 көп қабатты тұрғын үй бар. Барлығын қамтуға шамамыз жетеді. Екі датчиктен орнатамыз. Жалпы жұмыстың құны – 60 млн теңге, сосын жыл сайын қызметі үшін 2 млн теңгенің көлемінде болады, – дейді Қабдолла Біржанов.
Сералы МЫРЗАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓