Әр мәселе аяқсыз қалмайды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жастар сарайында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін өткізді. Оған барлық басқарма, департамент басшылары қатысты. Сұрақтар сан алуан – әлеуметтік, кәсіпкерлік, тұрғын үй мәселелері төңірегінде. Әкімнің қабылдауына келген Гүлбану Ілиясова пәтерін кеңейтіп беруді сұрайды.
«2016 жылы маған баспана берілді. Кезекке тұрғанда екі адам деп көрсетілген. Бірақ, маған бір бөлмелі пәтер тиді. Менің мәселем басымдағы баспанамды кеңейтіп берсе екен. Өзім бірінші топтағы мүгедекпін. Қызым бар, ол маған қарайласады, оның балалары бар. Аядай бір бөлмеде алты жан тұрып жатырмыз», – дейді. 
Аймақ басшысы бір жетінің ішінде Гүлбану Ілиясованы қайта шақырып, мәселені шешу жолын қарастыратынын айтты.Беген Көпеш, ардагер ұстаз, Қостанай қаласының құрметті азаматы:
– 1941-1942 жылы жасақталған 151-ші атқыштар гвардиясының құрметіне Жеңіс саябағында ескерткіш қойылса деген ұсыныспен келдім. Рақымжан Қошқарбаевтың Астана қаласында ту ұстап тұрған ескерткіші бар. Сол сияқты қойылса екен. Сонымен қоса, анау семсерді алып тастап, орнына ту қойылса. Өзіммен бірге әкелген ұсыныстарым бар. Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен қазақ азаматы Рақымжан Қошқарбаевтың, жерлесіміз Илья Сьянов, майдандас серігі Григорий Булатовтардың фото бейнесі ілініп тұрса. 
Азамат Амангелдіұлы, тәрбиеші:
«Осыдан үш жыл бұрын Қостанай қаласындағы «Әуежай» шағын ауданындағы 45/3 үйге Отбасы банкі арқылы тұрғын үй кезегіне тұрып, конкурстық іріктеуден өткен едім. 2020 жылы берілуі тиіс тұрғын үйдің құрылысы әзірге тоқтап тұр. Өйткені, құрылысты аяқтауы тиіс ақтөбелік компания банкрот деп танылды. Уақытында берілмей, енді баспанасыз қалдық. Осы мәселені талай рет көтеріп, БАҚ-қа дейін шықтық. Нәтиже жоқ. Енді облыс әкімінің алдына келіп тұрмын». 
Әлмұрат Қабылұлы:
«Оңтүстік аудандардың, оның ішінде Аманкелді, Торғай, Арқалық өңірлерінің әлеуметтік дамуы жөнінде мәселе қозғадық. Әкім бізді жылы қабылдады. Екінші мәселе, 19 наурызда өтетін саяси додаға байланысты. Бірыңғай қабылдау күні бүкіл Қостанай облысындағы басшылар бір жерде отырып, жауап алып жатырмыз». Айта кету керек, түске дейінгі аралықта 100-ге тарта тұрғын әкім қабылдауына жазылып үлгерді. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бар. 
     Александра Сергазинова, журналист: 
«Мен жақында облыстық құрылыс басқармасына сауал жолдадым. «Статус Трейд» мердігерге компаниясына байланысты. Аз уақыт өтпей аталған компания басшылығы маған звандап, қорқытып отыр? Мемлекеттік органға жолданған сауалым қалай мердігер компанияға жетіп отыр?».
Аймақ басшысы әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын айтты және жауапты мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Құқық қорғау органдары басшылары да азаматтарға заң аясында мәселені түсіндіруде. 
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына негізделген мұндай кездесулер тоқсан сайын ұйымдастырылатын болады.
 Айман Ибраева, облыстық білім басқармасының басшысы:
«Алдыма бірнеше сұрақтар келіп түсті. Соның бірі 2-ші Қостанай шағын ауданындағы №122 жалпы білім беретін мектепке жөндеу жүргізу туралы. Екінші сауал – «Аманат» қоғамдық бірлестігінен. Онда ерекше балаларды оқыту және жұмысқа тұрғызуға байланысты ұсыныс. Мектепке байланысы 2024 жылы жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама бойынша қаражат сұрайтын боламыз. Ал екінші мәселе де шешімін табады». 
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында бірыңғай қабылдау күнін өткізіп отырмыз. Жергілікті атқарушы органдардың барлық басшылары халықты қабылдайды. Бұл формат тұрғындар үшін ыңғайлы деп есептеймін. Әрбір азамат ведомстволардан сауалдарына байланысты тиісті жауап алады. Келген барлық тұрғындардың мәселелерін шешуге тырысамыз. Бұл қабылдау әр тоқсан сайын өткізілетін болады", – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінгі қабылдауға бас-аяғы 212 тұрғын келді. Оның 81-і облыс әкімінің қабылдауында болса, қалғандары түрлі басқармалардың басшыларына жүгінді. 
Облыс әкімі халықпен жұмыс істеудің бұл тәсілі оң нәтиже беретінін айтты. 
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓