ЕРЛІК – елге мұра, ұрпаққа – ҰРАН
Мамыражай мамыр мерекеге толы болды. Алды бірлік күнімен басталған ай Отан қорғаушылар және Жеңіс мерекесімен жалғасын тауып жатты. 7 Мамыр отан қорғаушылар күнінде облыс әкімі Нұралы Садуақасов Жеңіс саябағында қатарынан сегізінші рет өткізіліп отырған аймақтық "Жас патриот" әскери-патриоттық клубтарының слетін салтанатты түрде ашты.
– Бүгінгі жастарымыздың бойындағы патриоттық рухтың менмұндалап тұрғаны осы салтанатты іс-шарадан көрініс беріп тұр. Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында дәстүрлі түрде болатын бұл игі шара қаншама өскелең ұрпақтың санасына отансүйгіштік рухты қалыптастырып отыр, – деді Н.Садуақасов. Одан әрі сөз сөйлеген ұлы Отан соғысының ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Подоляков та, "Ауған соғысы ардагерлер одағы" қоғамдық ұйымының төрағасы Манарбек Сұлтанғазин да риясыз көңілмен игі шараға қатысқан барлық клуб мүшелеріне ақжарма тілектерін айтып, Отан үшін шейіт болған жандарды үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Оқырмандарымыздың есіне сала кетейік, Қазақстаннан шақырылған аз ғана ардагерлердің бірі болып М.Подоляков күні кеше өткен Мәскеудегі 9 мамыр Жеңіс шеруіне барып қайтты.
Әскери-патриоттық клубтың өңірімізде өркендеуіне жастар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарма тікелей мұрындық болып, қолдау көрсетуде екен.
Басқарма басшысы Әлия Сапарованың айтуынша, бұл күні жалпы білім беретін мектептер мен колледждер базасында 31-ге жуық клуб жұмыс істеп, 1,5 мыңнан астам ұл мен қыз тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Бүгін сол клубтың 12-сі өнер көрсетпекші. Осы слеттің бағдарламасына қауіпсіздікті ұйымдастыру және суда құтқару операциялары, алғашқы медициналық көмек көрсету, арнайы қимыл техникасы, шығармашылық қабілеттер мен дене дайындықтары бойынша іс-шаралары енгізіліпті. Қатысушылар күні бойы осындай әскери өмір дайындығынан өтеді екен. Соның бірсыпырасын Нұралы Садуақасов тамашалап, жас өрен патриоттарға жылы лебізін білдірді. Содан кейін ол жасы 102 келген ардагер ақсақал Сергей Стараконьнің шаңырағына бас сұғып, келе жатқан Жеңіс мейрамымен құттықтап, аз-кем әңгімелесті.
Бұдан соң 9 мамыр Жеңіс күні де дәл осындай салтанатты түрде аталып өтті. Мерекеге жиналған дәл мұндай нөпір халықты бұрын-соңды көрмедік. Орталық алаңнан басталып, Жеңіс саябағына дейін жалғасқан мейрамдық шерудегі дүйім жұртта есеп жоқ. Ел алдына театрландырылған көріністер қойылып, лек-легімен ағылған көліктерге мінген жауынгерлер сол кездің бейнесін әдемі әспеттеп, зұлмат соғыс көріністерін шебер бейнелеп берді. Құттықтау сөз сөйлеген Н.Садуақасов ардагерлерді бастап Жеңіс саябағына барып, ұрыс даласында қаза болған боздақтарды бір сәт еске алып, ерліктеріне тағзым етіп, гүл шоғын қойды. Содан соң саябақтың жанында тігілген әскери қосынға бас сұғып, аспан асты мұражайында қойылған әскери техниканы тағы бір тамашалап өтті.
Сонымен 69-шы жылын артқа тастаған Жеңіс мейрамы да дәл осылай керемет көңіл-күймен мерекеленіп, жүректі шаттық-думан-ға бөлей түсті. Бүгінгі ұрпақтың жүзіне күлкі ойнатып, халықтың санасына ерлік пен жігер рухын сіңіре білген бұл Ұлы Жеңісті адамзат баласы мәңгілік ұмытпайды. Себебі, көзге жас үйіртіп, көңілге мұң кіргізіп, Отан үшін жанын пида еткен жауынгер бабаларымызды еске алып, тағзым ететін, ортамызда қалған ардагерлеріміздің құшағын гүлге толтырып, көңілін асқақ ететін мейрам бұл күн! Ендеше, осы Жеңісті болашақ ұрпағына тарту етіп, Отанын жаудан қорғаған алды жүзден асып, соңы тоқсанды тақымдаған абзал ардагерлерімізді мейрамымен тағы да бір құттықтап қоялық!
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕРДЕ: Шейіт болған боздақтарға тағзым; Жеңіс жалауын желбіреткен жігерлі сәттен көрініс.
Суретті түсірген: Айбек ЖҮЗБАЙ.