Мамандық таңдауда қателеспес үшін
Мектеп түлектері мен олардың ата-аналары үшін ең өзекті мәселе – болашақ мамандықты анықтау және таңдауда қателеспеу керектігі. Өйткені, қазіргі еңбек нарығында кәсіптің сан алуан түрі бар. Бұл мәселеде түлектерге көмекке келетін Қостанайдағы Жастар ресурстық орталығы бар. Бүгін аталған орталықтың мұрындық болуымен ментор клубы өз жұмысын бастады. Бұл жолы бірнеше маманнан құралған топ Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте болып, 9, 10, 11-сыныптың оқушыларымен кездесті. Кездесуге барғандар арасында орталық өкілдері ғана емес, полиция, заң, медицина салаларының өкілдері де бар.
– Біздің жоба мектеп бітіріп жатқан түлектерімізге өзінің кәсіби бағдарын, жолын таңдауға кеңес беруге арналған. Алдағы уақытта бірнеше мектепте осындай кездесу өткізіп, қажетті маман иелері өз мамандықтарының артықшылықтары мен қиындықтары жайлы айтып бермек. Олар 9,10,11-сынып оқушылары болашақ түлектер. Мамандық таңдау кезінде оларда қандай триггерлер, қандай стимулдар болу керегін менторлар арқылы үйретеміз, – дейді Жастар ресурстық ортылығының маманы Әйгерім Сейілханова.
Жоғары сынып оқушылары қандай мамандыққа баратынына ерте бастан таңдау жасап, психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Мәселен, осы мектептің оныншы сынып оқушысы Арғынбек Жансая қазіргі уақытта өз таңдауын жасап та қойған:
–Болашақта шет тілінің маманы болғым келеді. Себебі, өзімді келешек мұғалім ретінде көремін. Адамдардың алдына шығып сөйлегенді, түсіндіргенді ұнатамын. Бұл кездесуден мамандықтың тек жақсы жағын ғана емес, оның қиын тұсын да ойлау керек деп түйдім. Ең бастысы, сол кәсіпке дайынсың ба, бара аласың ба деген сұрақ қойып отырмын өзіме. Түйгенім, мұндай бағыт беретін кездесулер қажет, – деді Жансая Арғынбек.
Статистика бойынша, еңбекке қабілетті халықтың 60 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының 80 пайызы ата-анасы мен мұғалімдердің ықпалы арқылы мамандық таңдайды. Бұл ретте ата-аналардың 25 пайызы балаларының қандай салаға барғысы келетіні туралы түсініктері жоқ екенін мойындайды. Осы сияқты басқа да статистикалық мәліметтер аталмыш жобаны қолға алуға және науқандық шара болып қалмау үшін жүйелі түрде дамытуға күш салмақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.