Қостанайдағы корейлер жаңа жылды тойлады
Облысымыздағы корей бірлестігі ай күнтізбесі бойынша «Сольналь» деп атау берген жаңа жыл мерекесін атап өтті. Іс-шарада корей мәдениетінен сыр шертетін ән мен би, шағын қойылымдар көрініс тапты.
Сольналь деп отырғанымыз корей халқының ұлттық мейрамы. Соның ішінде отбасылық мерекеге жатады. Дәстүр бойынша үш күн бойы тойланады. Облысымыздың түкпіртүкпірінде тұрып жатқан корейлер ақ дастархан басына жиналды. Іс-шараның құрметті қонақтары үлкендер жағы «ханбок» деп аталатын ұлттық костюмдерін киіп келді. «Себе» деп аталатын ғұрып бойынша кішілер иіліп сәлем салып, үлкендердің батасын алды.
Әртүрлі ойындар ойнатылды. Ән айтылып, би биледі.
Рудныйдан келген өнерпаз Марк Ли «Ақжелең» күйін шебер орындап, көрерменді тәнті етті. Марк домбыра тартумен қатар, қазақ тілін жетік меңгерген екен. Сондай-ақ, ол «Мың бала» облыстық байқауының күміс жүлдегері.
–Сегіз жасымнан бастап домбыра тартамын. Қазір Рудный музыкалық колледжінің 1 курс студентімін. Қазақ ұлттық аспаптары бөлімінде «домбыра» сыныбы бойынша оқып жатырмын. Домбыра тартуды үйреткен алғашқы ұстазым атам Қуантай. Кішкентайымнан нағашы жұртымда өстім. Содан болар қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, тілін ерекше құрметтеймін. Қазақ тілін де кішкентайымнан білемін, - деді Марк Ли.
Мерекелік кештің өзге де қызықтарын газетіміздің алдағы санына толығырақ жариялаймыз.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.