Рейд: Браконьер ұсталып, аққу құтқарылды

Меңдіқара ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері "Браконьер" рейдтік іс-шарасы барысында 41 жастағы күдіктіні ұстады. Оның көлігінен заңсыз ауланған аңдар еті табылды.
Аудан тұрғыны түнгі уақытта ауыл ішінде көлікті шамын қоспай жүргізіп келе жатқан. Полиция қызметкерлері оны тоқтатып, автокөлікті тексереді. Жүксалғыштан атып алынған екі елік және түлкінің еті табылды. Сондай-ақ, автокөліктің салонында тіркелген мылтық болған.
"Ер адам аудан аумағында жануарларды заңсыз атқанын айтты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Табиғатты қорғау полициясының қызметкері Ғазретғали Әлімғазиннің айтуынша, Қостанай облысында "Браконьер" ЖАШ кезінде заңсыз аң аулауға байланысты 4 қылмыстық құқық бұзушылық және 160 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Салынған айыппұлдар сомасы 1 млн теңгеден асты. Заңсыз айналымнан тіркелмеген аңшылық қарудың 6 бірлігі тәркіленді", – дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, "Браконьер" ЖАШ барысында полиция қызметкерлері орталық алаңда "Қызыл кітапқа" енген аққуды құтқарды.
– Аққу қар арасынан табылды. Үсіп өлуге шақ қалған. Ол "Зоопульске" жеткізілді, онда қажетті тексеру жүргізіліп, көмек көрсетілді", – деді Газретғали Әлімғазин.
Ветеринария ғылымдарының кандидаты Виктория Машидиева құстың жас екенін, ұшып кете алмағанын айтты. Әзірге ол "Зоопульсте" болады, кейін табиғи ортаға жіберілмек.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓