Алты қаламгер одақ мүшесі
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исамен кездесу өтті. Іс-шара ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы шеңберінде ұйымдастырылды. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Жанұзақ Аязбек жүргізді.
Алғашқы боп сөз алған Ұлықбек Есдәулет Ахаңның ұлттық баспасөзді дамыту, қалыптастыруға сіңірген зор еңбегін атап өтті.
– Ахаң ашқан «Қазақ» шын мәнінде ұлттың көзі, құлағы һәм тілі болған газет. Патша үкіметі айыппұл салып, жабылып қалу қаупі туғанда, Ахаң басын қатерге тігіп, түрмеге отыруға келісіп, газетті сақтап қалған. Бұл ұрпаққа үлгі болатын ерлік», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы.
Ал, депутат Қазыбек Иса Ахаңның идеяларын негізгі бағыт ете отырып, қазіргі таңдағы тіл мәселесінің өзектілігіне тоқталды.
Жиын соңында алты бірдей қаламгер, атап айтсақ Әбутәліп Әмір, Александра Суслова, Нұрқанат Құлабаев, Жандос Жүсіпбек, Батырлан Сағынтай, Дәулет Жадырасын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Билетті Ұлықбек Есдәулет мырза өз қолымен тапсырып, лебіз-тілегін білдірді.
Одаққа мүшелікке енді ғана енгенімен, аталған әдебиетшілердің республика көлемінде танылған, әдебиет әлемінде өзіндік орны бар, қалыптасқан қаламгерлер. Мәселен, Әбутәліп Әмір «Көгілдір таң», «Қызбел» сынды екі бірдей прозалық жинақтың авторы. Оның шығармашылығы шынайылығымен ерекшеленеді. Нұрқанат Құлабаев аз жазса да саз жазатын ақын. «Тәңір түсі», «Көктемгі қар» деген атпен екі кітабы жарық көрген. Бүгінде отызды орталаған Жандос Жүсіпбек те республикалық додаларда топ жарып жүр. Өлеңде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Ғалымдық пен ақындықты қатар алып жүрген Батырлан Сағынтайдың туындылары тілінің шұрайлылығымен, терең ой айта білуімен құнды. Дәулет Жадырасын бүгінде жастар арасынанда кеңінен танымал, ізденімпаз ақын. Болашағынан зор үміт күттіретін талант. Орыс тілді қаламгер Александра Суслованың өңір әдебиетіне сіңірген еңбегі көп.