Жауапкершілік артады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп сенемін» деген еді. Мемлекет басшысының сеніміне серпін берер жаңалықты таяуда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жария етті. Еліміздің бас ұстазы қол қойған бұйрық жобасында 2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8, 10-сынып оқушылары «Қазақ тілі» пәнінен емтихан тапсырады делінген. Бұл жоба осы жылдың 3 ақпанына дейін қоғам талқысына ұсынылды.
Бұрын мұндай сынақтан тек 9, 11-сынып оқушылары ғана өтетін. Ендігі жерде 5-сыныптан бастап, қашан мектепті аяқтағанша, білім алушыларға қазақ тілінен емтихан тапсыру міндеттелмекші. Нақтырақ айтар болсақ, 2023-2024 оқу жылынан бастап қазақ тілді мектептерде «Қазақ тілінен», ал оқу қазақ тілінен өзге тілде жүргізілетін мектептерде «Қазақ тілі» мен «Әдебиет» пәндерінен емтихан жүргізіледі. Аталған пәндер бойынша оқушының жылдық бағасы оның жыл ішіндегі оқу үлгерімі мен емтихан нәтижесіне қарай қойылады.
Білім беру саласындағы бұл жаңалық мектеп ұжымдары мен ата-аналарды, оқушыларды бейжай қалдырмасы анық. Неге десеңіз, жасыратыны жоқ, қазақ тілін оқыту әдістемесі көпшілік көңілінен шықпайды. Пән мұғалімдерінің тілді үйрету шеберлігі кемшін. Сабақта көбінесе жазылымға көңіл бөлініп, оқушының сөйлеу тілін дамыту, тілдесімге тарту сынды жұмыс түрлері назардан тыс қалады. Оқушылар жаттанды жауап берумен шектеледі. Сонымен қатар, қазақ тілі оқулықтары күрделі, балалардың тілге деген ынтасы жоқтығының, қызығушылығы төмендігінің бір ұшы осында болса керек. Нәтижесі белгілі: он бір жыл бойы қазақ тілін оқыған білім алушылар мектептен мемлекеттік тілде сөйлей алмай шығады.
Ал аталған пәндерден емтихан тапсыруды жүктеу мұғалімдердің де, тіл үйренушілердің де жауапкершілігін арттыруға зор ықпал етеді деп сенеміз. Емтиханды жақсы бағаға тапсырғысы келген оқушы сабаққа жүйелі түрде дайындалып жүруді міндет санайды. Ата-аналардың да қазақ тіліне деген көзқарасы өзгереді.
Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың бұл қадамы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлкен септесін болмақ, неге десеңіз, ел қуаты тек мемлекеттің экономикалық дамуымен, халқының әл-қуатымен ғана емес, сондай-ақ оның ұлттық құндылықтарымен, оның ішінде мемлекетіміздің бас тілінің пәрменімен де өлшенеді. Қазақстан халқын ұйыстыратын ортақ тіліміз – қазақ тілін үйреніп, оны мақтаныш ететін кез келді. Осы орайда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның мына бір сөздерін келтірген орынды болмақ: «Қазақ тілі – жер бетіндегі ұлттық тілдер ішіндегі бірегейі, түркілік қана емес, әлемдік өркениеттің ұлы игілігі, жалпыадамзаттық құндылықтарды тасымалдаушысы, 6 мыңнан астам тілдің ішінде 259 мемлекеттік тілдің бірі». Олай болса, мемлекетіміздің бас тілін жетік меңгеруге жетелейтін тың қадамды барынша қолдап, оны табысты жүзеге асыруға атсалысайық дегім келеді.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері