Жаңа спорт кешені ашылды
Федоров кентіндегі «Атлет» стадионының жанынан жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа спорт залының ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Ахметов қатысып, жиналғандарды ел игілігіне қосылған тағы бір жаңа тартумен құттықтады. Бұл нысанның құрылысына 117 млн.теңге жұмсалыпты.
Жаңа кешен ашылысымен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгерлері екі топқа бөлініп жолдастық кездесу өткізді.
Жалпы, соңғы жылдары Жаркөл өңірінде бұқаралық спорттың дамуына аса мән беріліп келеді. Осыған дейін орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, одан кейін су жаңа теннис корды тұсауын кесті.Енді міне іші жарық әрі жылы спорт кешені ел игілігіне айналып отыр. Аудан басшысының айтуынша, соңғы үш жылдың бедерінде өңір спортын дамытуға 519 млн.теңге бөлінген.
Жергілікті спортшылар аудан басшыларының мұндай сыйына түрлі ел ішілік жарыстардағы жетістіктерімен жауап қатып жүр. Келешекте де спорттың биік төрінен көріне беруге уәде етеміз дейді федоровтық балғын спортшылар.
Спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, бадминтон және қазақ күресімен шұғылдануға болады. Алдағы күндері мұнда тренажерлік зал есігін айқара ашпақ.
Айбек КӘДІРҰЛЫ