МИБ: артықшылық әлдеқайда көп

Бүгінде Қостанай қаласында 150 мүлік иелері бірлестігі және 42 қарапайым серіктес тіркелген. Қазір көп қабатты үйлердің тұрғындары үйдің ортақ мүліктерін және оларға қызмет көрсету үшін жиналатын жарнаны өз бақылауларына алу мүмкіндігін иеленді. Дегенмен, жаңа жүйе екі тарапқа да аз мәселе тауып беріп отырған жоқ. Осы және өзге де ақпараттарды сала мамандары айтып берді.
МИБ-тің басты тиімділігі – үйде жеке есепшоттың болатынында. Ал оның төрағасы – сол баспанада тұратын пәтер иесі. МИБ-і бар үйлердің пәтер иелеріне кіріс-шығыс қаржыны есептеу оңтайлы. Тек солардың бастамасымен ғана көп қабатты үйлерге сапалы ағымдық және күрделі жөндеу жүргізуге болады. Қазір қала әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімі МИБ төрағасына және қарапайым серіктестік (ҚС) жетекшілеріне құжаттарды қалпына келтіруге де көмектеседі.
«МИБ пен ҚС саласына жасалып жатқан соңғы реформалар мақсаты – ТКШ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру. Ал ол тұрғын үй қорының әлеуетін арттыруға шағын және орта бизнесті тартуды көздейді. Жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге, ТКШ жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне, тұрғын үй секторының энергиялық тиімділігін ілгерілетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік туғызады», – дейді бөлім маманы Сайлау Асылбаев.
Жобаның жоғарыда аталған мақсаттарын жүзеге асырудың өзіндік алғышарттары бар. Атап айтсақ, біріншіден, тұрғын үй қатынастары саласын реттейтін нормативті-құқықтық базаны жетілдіру қажет. Екіншіден, мүлік иелерінің көп қабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару үрдісіне қатысу қағидалары мен шарттарын құру керек. Үшіншіден, тұрғын үй ғимараттарын жаңғырту және жүйелі түрде инвестиция тарту үшін жаңа қаржылық механизмдерді жасап, тұтынысқа енгізу шарт. Мұның сыртында, кәсіби басқарушы ұйымдардың бизнес-моделін жасақтап, пайдаға асыруды қолға алған жөн.
МИБ-ке тіркелуден кейін тұрғындар кезіндегі ПИТК жүрдім-бардым жұмысы әшкере болып жатыр. Сондай жағдайлардың бірін «Городок-К» МИБ үй кеңесінің мүшесі Нина Давиденко сөз етті.
«Біздің МИБ-ке облыс орталығындағы көп қабатты екі үй қарайды. Өйткені біздің коммуникациямыз бірдей. Бірлестікке көше салысымен мәселеміз көбейіп кетті. Бұрын тұрғындар жертөледен шығатын иіске үнемі шағымданатын. Тексергенімізде құбырлардың тозып, шіріп кеткенін, жануарлар өлексесі жатқанын көрдік. СЭС мамандарын шақырттық. Үйдің төбесі де сондай халде болды. Оны күн жылынғасын реттейміз. Жаңартатын, ауыстыратын, жөндейтін тұстар өте көп», – дейді Н.Давиденко.
Ол МИБ-ке көшуге батпай жүрген тұрғындарға көп ойласпауға кеңес берді. Ғимаратты тұрғындардың өз ақшасына күтіп ұстаудан артығы жоғын алға тартты. Қазір тіпті бұрынғы ПИТК-лерін сотқа берген МИБ-тер бар. Қарапайым серіктестік мүшелері де міндеттерін селсоқ атқарып келген кооперативтерімен соттасып, медиациялық келісімге келіп барып тарқасқан.
Қазір, спикерлердің айтуынша, қазір «Е-шаңырақ» ақпараттық жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ТКШ-ның барлық нысанын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
«Жүйені құрудағы басты мақсат – тұрғын үй қоры мен ТКШ-ға мониторинг және анализ жасау. Бұл мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды барлық дерекпен қамтамасыз ете алады. Бір жағынан, ол тұрғын үй қорын басқарудың, табиғи монополия нысандары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді», – дейді С.Асылбаев. 
МИБ пен ҚС-ның тағы бір артықшылығы – олар кондоминимум нысандарын да басқара алады. Ол үшін аталған нысандар заңнамаға сәйкес бірыңғай кешен ретінде аумақтық әділет органдарында тіркеуде болуы тиіс. Ал оларға иелік етудің өзіндік талаптары тағы бар. Оның ортақ мүліктерін күтіп ұстау шығындары пәтер иелерінің міндетінде. Олар ай сайынғы жарнасын төлеп тұруы тиіс. Бұл ортақ мүліктердің ағымдық жөндеуіне өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓