Бауыржан ТЕБЕЕВ: «Адам күніне 10 шақырым жүруі керек»
Орталық саябаққа шықсаң, негізінен жеке өздері немесе иттерін қыдыртып жүрген зейнеткерлер ұшырасатыны болмаса, қалалықтар күнделікті серуенге шыға бермейді. Жұмыс орны алыстағылар жеке көлігімен немесе автобуспен қатынайды. Ал сол қызмет орнымызда арасында жүріп-тұруды дене шынықтырғанға санап, нормамызды орындап жатырмыз деп есептейді екенбіз. Кешке үйге ораламыз, анау-мынау жұмысың, бала оқыту бар, демалыстарда көбіне қонаққа барудан қол босамайды. Түн болады, ұйқыға кетесің…
«Қостанай велоқауымдастығы» ҚБ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Айдаболұлы Тебеевтің велосипедпен талай марафон, велошерулерге қатысып жүргенінен ел хабардар. Дегенмен ол кісінің күнделікті қаланың бесінші шағын ауданынан орталыққа жаяу қатынайтынын біреу білсе, біреу білмес.
– Бауке, сізді таныған он жылдан астам уақыттан бері қызмет орныңызға жаяу келіп жүрсіз. Тіпті, қыстың аязы мен бораны, көктем-күздің жаңбыры мен батпағы деп қарамайсыз. Әрине, мұның пайдалы екеніне күмән жоқ. Саламатты өмір салтын ұстануды қашаннан дағды қылып жүрсіз?
– Ауылда өскен адамбыз. Үйдің шаруасы аз емес. Қораның жұмысы, сыртқа шыққан соң бар жерде жаяу жүресің. Алғаш велосипед 4-5 сыныпта қолыма тиді. Біз көп балалы отбасымыз, әкеміздің мотоцикл алуға шамасы болған жоқ. Қайда барсаң да жаяу жүресің. Ол енді түсінікті жағдай. Әкем де, анам да, әжем де әр уақытты пайдасыз өткізбеуге тырысатын. Өзім алты баланың үлкені болған соң, барлық салмақ маған түсті, жауапты жұмыстар маған артылатын.
Кейін ер жетіп, мамандық алдым, жұмысқа кірістім. Бір жерде қозғалмай отыратын болдық. Бір күні маған қаланың ішінде жаяу жүру керек деген ой келді. Ақырындап спортпен шұғылдануды қолға алдым. Алғашында отбасымыз жетінші шағын ауданда тұрдық. Жұмысқа дейін кем дегенде он шақырым жер. Жаяу барамын. Ертерек тұрып, бір жарым сағат аяңдап жетемін. Ол кезде жасым отыздан асқан кезім. Өзім фирмада директормын, астымда көлігім бар. Бірақ оны қозғамаймын, қауырт шаруа болса ғана пайдаланамын. Сол жетінші шағын ауданнан Темірбаев көшесіне (Теміржол вокзалы ауданы) дейін жаяу келемін. Көп жерде асфальт жоқ. Көктемнің басында үсті-басым батпақ болады. Жұмысқа барған соң, сүртіп, тазаланып аламын.
– Сонда адам күніне он шақырым жүруі керек пе?
– Иә, көп жүргеннің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. Уақыты болып, одан да көп жүре берсе тіптен тамаша.
– Ауылдан алған тәрбие дедіңіз. Тәрбие түбі – тәртіп. Оны талай жиындарға, кездесулерге дәл уақытында келіп жүретініңізден байқаймыз. Ел, әсіресе, қала жұртшылығы біле жүрсін, өзіңіздің бір күндік жоспар-кестеңіз туралы айтып бересіз бе?
– Ең алдымен, адам өзін жақсы көре білгені дұрыс. Өне-бойыңа, денеңе құрмет жасауың керек. Он екі мүшеңнің сау екеніне көз жеткізесің. Философия солай. Біз көлігімізді, үйімізді, киімімізді жақсы көріп жатамыз. Менің ойымша, адам әуелі өзін жақсы көруі керек. Таңертең тұрғанда дене-бойыңды сипалап, амандасып ал. Ол бәлкім, біреуге күлкілі шығар, бірақ денсаулық – ең қымбат дүние. Саулығымызға рақметімізді білдіруіміз керек. Өзім ертемен оянған соң осыны асықпай орындаймын. Өйткені, дене бәрін сезеді. Келесі маңызды жайт – ішетін тамағың дұрыс болғаны абзал. Қайнаған жылы судың бір кесесін ішіп алсаң, асқазанды оятады. Үйдегі жеңгең (Қадрия жеңгей – Қ.Қ.) ас дайындап береді.
Ыстық тамақ ішу өте маңызды. Одан кейін жұмысыма қарай тартамын. Таңғы ауа – ең таза ауа. Әсіресе, қыстың ауасы қандай кіршіксіз! Шаң-тозаң, инфекция жоқ. Осылайша, аяңдап жұмысыма келемін. Кабинетке жеткенше, ойыңа небір идеялар, тың дүниелер келіп жатады. Бір жарым сағат бойы алаңсыз келе жатқандағы ойларымды жұмыс барысында орындап аламын. Пайдасы ұшан-теңіз. Ойың тазарады, денсаулыққа да пайдалы.
Менің тағы бір қатаң ұстанатын тәртібім – сағат 22.00-де ұйқыға жату. Отбасым да осы дағдыға үйренді. Ал жатар алдында бөлмемнің терезесін ашып қоямын. Қысы-жазы. Таза ауа кіріп тұрады. Қыста да терезені ашып қойып ұйықтаймын. Мақтанғандық емес, «басыма, беліме суық тиді» деген шағым менде жоқ. Бұл денсаулықтықтың мықтылығынан емес, тәртіптің, соның ішінде жаяу жүргеннің арқасы.
Таңертең бестен кете оянамын. Кем дегенде сегіз сағат ұйықтаймын деген сөз. Соған дағдыландым. Денем соны сезеді. Кешке қарай ұйқы келеді. Отбасым да солай. Немерелеріміз де үйреніп алған: «атаның ұйықтайтын уақыты болды» деп жатады.
Қазір балалар да менің істегенімді қайталап жүр. Тұңғыш ұлым таңертеңнен спортпен шұғылдануға барамын дейді. Көргенін істейді ғой. Балаларыма үнемі айтамын: «ер адам қай кезде де, қандай жағдайда да әр нәрсеге дайын болуы керек» деп. Бірде үйге екі метрлік арқан әкелдім. Балам «неге әкелдің?» дейді. Мәселен, өрт бола қалса, керек болады емес пе. «Жаман айтпай, жақсы жоқ, жылу батареясына байлап шығамыз» дедім. Жақсы ер болашағын ертеден ойлайды.
– Ал велоспортқа қалай келдіңіз?
– Оның бәрі жаяу жүруден басталды. Қырық жасымда қырық, елу жасымда елу шақырым жүрдім. Жеңістің 70 жылдығына арнап жетпіс шақырым жүрдік. Ол кезде триатлон өткіздік, яғни, бес шақырым жаяу, он шақырым жүгіріс, қалғаны велосипед үстінде. Алғаш солай болды. Негізінен, «Қостанай таңы» біздің велоқауымдастық өткізген біраз іс-шараны газет бетіне жариялап келеді, ол жайында қайталамай-ақ қояйын.
Құдай қаласа, алда алпыс жасқа толамын. Күзге қарай өзім туып-өскен Меңдіқара ауданының Ақсуат еліне велошеру ұйымдастырсам ба деп отырмын. Бір жағы биыл атақты жазушы, педагог жерлесіміз Спандияр Көбеевтің 145, даңқты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның және өз әкемнің 80 жылдығы. Сондықтан Ақсуатқа дейінгі жоспарымды құрып, осы науқанды абыроймен өткізсем деймін.
– Әңгімеңізге рақмет, құдай деніңізге дерт бермесін!
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев.