Адам жанын зерделеген

Газетіміздің арда ардагері,
Қазақстанның Құрметті  журналисі
 Жақсылық Жүнісұлы
80 жаста
 
Жақсылық Жүнісұлы.  Бұл есім қазақ баспасөзі мен мәдениетінің аға ұрпағы мен орта толқынына жақсы таныс, өзіндік болмысы бар қаламгер. Жәкең туралы кезінде ұлтымыздың небір бетке ұстар саңлақтары мен жампоздары өздерінің жүрекжарды ой-пікірлерін айтқан.  Оның талайын кезінде өзінің сүйікті газеті
«Қостанай таңы» паш етті.
Туған жер мен елін жанындай сүйіп, ол туралы қаншама рет жүрегі лүпілдеп, қалам ұшымен тербеген арда ағамыздың шығармашылық келбетіне әлі де тәнтіміз. 
«…Қалғуды білмейтін қыран секілді.  Адам жанын зерделеп, адам еңбегін жырлаудан танбай келеді! Оның жазғандарын оқыған сайын алдыңнан кісіліктің, ізгіліктің алып полотносы шығады. Тауды жарып, тасты бұзған  мөлдір  бұлақтан айызың қанып ішкендей әсерге  бөленесің. Жаның жай табады», – деп жазған Жақсылық хақында, замандасы,  белгілі  жазушы  Серік Әбдірайымұлы. Бұл мамандас һәм сырлас  дос-ағамызға берілген айнақатесіз сипаттама.
Жәкеңнің өмірбаянына қарап отырсаңыз, ес біліп,  ер жетіп, үлкен өмірдің даңғыл жолына түскеннен  бастап,    бүгінге дейін  кіндігінен байланғаны  – туған жері, туған елі. Қостанай – Торғайдың сайын даласы.  Бар болмысы да осы ұлан-ғайыр өңірге сай қалыптасқан. «Қара танығалы қаламын қолынан тастамаған журналист» көкеміз қазір де  ел  десе  жүрегі  елжіреп, толғап кететін  кездерінен танбаған.  Сірә, кеуде тұнған – сыр сандық. Оның кейбір ұшқынын  біз сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары Торғай өңірінде тұңғыш көріп танысқанда сезген  едік.
Ағамыздың  биязы, журналистік аурасы ерекше  екен: жымия, сыр тарта сөйлеп, сәті келгенде зілсіз қағытпасын қыстырып жіберетін, сөйтіп  кісінің іші-бауырына оп-оңай кіре қоятын қағілездігін көрдік.
– Біздің жақтың адамдары мына өзен-суына ұқсайды. Түскенде толқыны өрекпіп, тез лайланғанымен, артынан тез тұнып, мөлдіреп шыға келеді, – дегені есімде қалыпты.  Расында, сайын даланың тұрғындары әлденеге бұлқан-
талқан болғанымен, қайтымы тез. Яғни, жүректері  таза. Пейілі даласындай кең әрі аңғал да.  Біз мұны  Елорда баспасынан шыққан «Сыр сандық» (2003), «Дала дарабоздары» (2007),  «Жылдар жаңғырығы» (2012), «Қарымы бөлек қаламгер» (2014), «Топжарғандар туралы толғау: сұхбат, ой-толғамдар, мақалалар» (2016) жинақтарындағы кейіпкерлердің  бойынан  аңғардық.  Жақсылықтың  кісінің кісілік  қасиетін  айнытпай тани  білетіндігіне  осы  еңбектері куә.
Кейде ойлайсың, тұлға мінезінің қалыптасуына жақсылар мен жайсаңдардың әсері айрықша  болады екен. Жәкеңе құлдыраған бала кезінде ата-әже, ауылдағы данагөй ақсақал қариялар мен ақжаулықты апалардың дарытқаны бір төбе де, университеттегі даңқты  батыр, жазушы-ғалым Мәлік Ғабдуллин, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, сатира сардары,  ғалым-ұстаз Темірбек Қожакеев секілді ұстаздары,  кейін  көз көргендер – ақын-жазушылар  Қайнекей  Жармағанбетов,  Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қойшығара Салғарин, Төлен  Әбдік, Сейіт Кенжеахметов, Сабыржан Шүкірұлы, Орысбай  Әбділдаұлы, Бекболат Әдет тағы басқалары бір төбе. Оның үстіне  өзі дидарласқан халық қаһарманы, әнші Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Төлеген Айбергенов, Оралхан Бөкеев, Әнуар Боранбаев және тағы сол сияқты саңлақтардың жүрекке қозғау салған сырлы сәттерінің әсері бір ғанибет еді.
Жәкеңнің есінен шықпайтыны, көзкөрген, өзі ерекше іштей құрмет тұтатын ақыны Мұқағалидың: «Адамды адам түсінбеу – бір ақырет» деп басталатын  жыр жолдары. Өзінің өмір жолы Жанкелдин аудандық «Жаңа өмір» (қазіргі «Біздің Торғай») газетінде тілшіліктен  бастаған бозбаланың ойында адамның жан дүниесін түсінуге деген құлшыныс болғаны  анық. Бірақ бұл қиынның қиыны, оп-оңай ашыла салатын құлып емес екен. Жан-тәні, маңдай терімен ғана  мүмкін болатынын түсінді. Сондықтан да  «Қостанай таңы» (бұрынғы «Коммунизм таңы»), «Торғай таңы» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары міндеттерін атқарып жүргенде де осы бір ұстанымынан айнымай,  өз кейіпкерлерінің  тұлғалық  қасиеттерін  тануға  күш  салды. Тіпті  күнделікті қасында жүрген замандас-әріптестерінің іс-әрекеті мен ой-көзқарастарынан өзіндік ерекшеліктерді, сондай-ақ сұхбаттасқандар мен сырласқандардың сөздерінен, қарекетінен аңғарғандарын дер кезінде қойын дәптерге түсіре бергенінің пайдасын көп көрді. Көп оқыды, талмай ізденісте жүрді.
Соның бір жемісі – «Елорда» баспасынан шыққан «Сыр сандық» кітабы. Осындағы «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» топтамасынан  әдебиетіміздің алыптары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, сахна жампоздары Елубай Өмірзақов, Манарбек Ержанов, Қанабек Байсейітов, ақиық сазгер Ахмет Жұбанов, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан және басқалардың  тұлғалық болмыс-бітімдерінің  көп айтыла бермейтін қырларын оймақтай ғана штрих-деталлдармен кестелей білген. Жәкеңнің шығармашылығы сонысымен де қымбат, сонысымен де тағлымды.
Жарты ғасырлық журналистік қызметінде Жақсылық Жүнісұлының ақ-адал еңбегіне лайықты баға берілді. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Еңбек ардагері» медалі,  Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, Қостанай облысы әкімі сыйлығының иегері және басқа да марапаттары жеткілікті.
Жәкең бүгінде өзінің сүйікті қаласы Арқалықта тұрады. Өзінің төл паспортындай көретін «Қостанай таңы» газетінің авторы ғана емес, жанашыры, қамқоршысы. Жолыға қалған кісіге алдымен  басылым беттеріндегі өмір тынысынан сыр суыртпақтайды.
Қадірлі Жәке, Сіз дегенде тұрғыластарыңыз бен іні-қарындастарыңыз, барша замандастарыңыздың есіне жылылық есіп тұратын жарқын жүзіңіз көз алдарына келетінін білеміз. Сексеннің сеңгіріне шыққан биігіңіз құтты, мерейжасыңыз сүйкімді, өміріңізде қуанышты сәттер  көп   болсын!
 
Жанұзақ Аязбекұлы.
Естеліктер жинағынан:
Студент Жақсылық Жүнісұлының үздік бағаға қорғаған «Қасым Тоғызақовтың сатирасы» атты дипломының түпнұсқасымен толық танысқаннан кейін:
– Жалықпай ізденсең, түбі сенен әдебиет сыншысы шығуы мүмкін, – депті, ертеректе «Әдебиет және искусство» /қазіргі «Жұлдыз»/, беріректе «Ара» журналдарының байырғы редакторы, білікті әдебиет сыншысы, көрнекті ақын Қайнекей Жармағанбетов.
 
– Шүкір, сенде ой да, тіл де бар. Ендігі жерде әңгіме мен повесті қалай жазу керектігін үйретермін. Қалыптасқан соң құдіреті күшті Алла қолдап, қатар қалам сілтерміз, – деумен Жақсылық Жүнісұлын түбегейлі шығармашылықпен шұғылдануға үндеген курстасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, талантты жазушы Оралхан Бөкеев.
«Диплом жұмысыңды жоғары бағалаған комиссия құрамының «Қалайда мына баланы Алматыда қалдыру керек. Университетте оқытушы болсын, жүре келе ғылымның жолын қусын» деген ұйғарымын ұмыттың ба?
Мұндай батыл қадам жасауға қабілетіңнің жететінін іштей сезесің. Неден жасқанып жүрсің?» – деп Жақсылық Жүнісұлына арнайы хат  жазған ҚАЗМУдың журналистика факультетінің деканы, ғылым докторы, профессор Темірбек Қожакеев.
                                            
Публицист-жазушы, журналист, баспагер Серік Әбдірайымұлы Жақсылық Жүнісұлының «Дала дарабоздары» кітабына алғысөзінде әріптесінің өзіндік болмысын былайша ашып көрсеткен: "Жалған жаза алмайды. Әрқашан ақ сөйлейді. Әділдіктің құлы. Қаламының құдіреті мен талантының табиғилығы жатыр үндесіп.
Жеті рет електен өткізіп, қағаз бетіне қондырады. Асығыстан іргесі аулақ. Елдің Жақсылықтың қаламынан туған дүниелерге ерекше ден қоятыны, шыншылдық мінезін, турашыл қасиетін қадір тұтатыны да содан.
Жақсылық Жүнісұлы қаламының және бір даралығы – көркем жазады. Ой қазығы мықты. Кестелеп, сөз мәйегін үкілеп түсіреді. Осынысымен де ол өзгелерден биік, өзгелерден оқшаулау".
 
Сабыржан Шүкірұлы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, жазушы -журналист:
– "Арқалық қаласында ақкөңіл, елпілдеген өкшелес інім тұрады. Әуелде ақын болатын. Кейін ақындығынан ақынжандылығы басымдау түсіп, сезім тербер шуақты, сыршыл қара сөзге ден қойып кетті. Сол інім, шәкіртім Жақсылық Жүнісұлы «Сыр сандық» атты тәуір кітап шығарған екен. Құтты болсын!".

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓