Қайта жаңғырған қастерлі орда

Тобыл-Торғай ежелден дінімізді берік ұстанып, салт-дәстүрімізді көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан қасиетті өңір. Оған дәлел – құрылыс жөндеу жұмыстарынан кейін қайтадан ашылғалы тұрған 130 жылдық тарихы бар ғибадат ордасы. Бүгін Қостанайдың мұсылман жамағаты үшін айрықша қуанышты күн. Облыс орталығында біршама уақыт жабық тұрған Марал ишан мешіті халық игілігі үшін қайта ашылды.
Қасиетті жұма күнгі қуанышқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді.Жиынның әлқиссасы қасиетті Кәлам-шариф оқудан басталды. Қостанай облыстық мешітінің имамы Әли қари Абзалұлы Құран бағыштап, батасын Мүфти хазірет берді.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, белгілі ғалымдарымыз бен ел ақсақалдары Аманжол Күзембайұлы, Ақылбек Шаяхмет құттықтау тілектерін білдіріп, тамыры терең имандылық ордасының бай тарихына, Марал ишан Құрбанұлының өмірбаянына тоқталды.
Рухани ордаға Бектұрсын қажы Торғайбайұлы бас имамдыққа тағайындалып отыр. Бұған дейін ол Арқалық және Рудный қалаларының мешіттеріне жетекшілік етіп келді. Бас мүфти Бектұрсын қажының жұмысына сәттілік тілеп, имандылық ордасына сый-таралғысын тапсырды.
Осыған дейін мешітке құлып ілініп, жөндеу жұмыстары басталғалы көпшілік қауым ғибадат үйінің ашылуын асыға күткен еді. Тіпті Марал бабамыздың есімі ұмыт қалар ма деген үрей де болған. Бұл жайында газетімізде бірнеше мәрте мәселе көтеріп, мақалалар жазып келдік. 
Бұл ғибадат үйі ХІХ ғасырдың аяғындағы өлкемізді мекен еткен мұсылман жамағаты үшін салынған үлкен сый. Әрі маңайдағы көршілес елдер арасында сәулеті жағынан ерекше көз тартар ғимарат саналды. Кеңес үкіметі тұсында талан-таражға ұшырап, діни мекеме атауынан айырылса да, араға бір ғасыр салып, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өзінің ғибадат ететін орын мәртебесін қайтадан алды. Оған халқымыздың аяулы перзенті, дін ғұламасы, күрескер тұлға Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.
Қостанайдың орталығында орналасқан байырғы нысан құлшылық үйі ғана емес, көз тартар көрікті орын, өскелең ұрпақтың тәрбие және рухани ордасына айналып еді. Кейінгі уақытта ақ қар, көк мұз, жауын-шашынның астында қаншама жылдар тұрған ғибадат үйінің тозығы жете бастады. Сыртқы келбеті көнеріп, іргесі жарылып, есік-терезесі ескірген сәулетті орда күрделі жөндеуді қажет етті. Марал ишан жөндеу жұмыстарына деп уақытша жабылған болатын.
2017 жылы Ақмешіт аймағымыздың тарихи-мәдени мұрасы ретінде «Қазақстанның киелі орындары» тізіміне енгізілді. Осыдан үш жыл бұрын жергілікті билік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекет қорғауына алынған жәдігерімізге ғылыми-жаңарту жұмысын жүзеге асыру мақсатында бір жағынан бастан-аяқ құрылыс жүргізіп, екіншіден, бастапқы қалпына қайтадан келтіру науқанына кірісіп кеткен еді. Ол үшін ең алдымен архив құжаттарынан, фото суреттерден нысанның алғашқы жобасымен танысуға тура келді. Бұл үшін еліміздің белгілі сәулетшілерінен құралған мамандар Татарстан Республикасына, Орынбор және Уфа қалаларына арнайы барып келді. Соның арқасында қазіргі Ақмешіт ғимараты бастапқы келбетіне қайта оралып отыр. Мұнаралары бұрынғысынан 3 метрге биіктетіліп, әуел бастағы қалпына келтірілді. Есік-терезелері, едені жаңартылды, іргесі бекітілді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

1 Response

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓