Жан жадыратқан жыр кеші

Қостанайда Қазақ әдебиеті апталығы аясында «Жырлайды жан-жүрегім жақсылықты» атты поэзия кеші өтті.
Тобыл-Торғай өңірінен шыққан ақындардың өлеңдері оқылған кеш ерекше әсерлі өтті. Әр өңірде жүрген ақындар І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры сахнасында тоғысты. Залды лық толтырған көрермендер ерекше жыр мерекесіне куә болды. Қазақ әдебиетінің төрінен орын алған Сырбай, Ғафу, Кеңшіліктердің шығармашылығы дәріптеліп, есімдері елге танымал аға буын өкілдері – Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Сейфолла Шайынғазин секілді ақындар қалың қауым алдында өлеңнен шашу шашты. Сондай-ақ, өңірлік әдебиеттің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Нұрқанат Құлабаев, Абылай Мауданов, Динара Мәлік,  Аслан Қанғожин, Мақсұт Райысов секілді дарын иелері таңдаулы туындыларын паш етті. Сонау Торғайдан, Амангелдіден, Арқалықтан жиылған Жанна Ерекина, Данияр Сәдуақас, Батырлан Сағынтаев, Ернұр Әуезхан, Балғын Рәш, Ернағыз Жанатқан секілді жас қаламгерлер көрермен қошеметіне бөленді. Қазақстанға «Торғайлық ақын» ретінде танылған Саят Әбеновтің сәлемдемесін арқалай келген әнші Айбат Маратов ақынның сөзіне жазылған «Өлшеулі өмір» әнін орындап, кештің көрігін қыздыра түсті. Есімі жиі атала бермейтін, бірақ жыр-өлеңдері ешкімнен олқы түспейтін өңірлік ауылда жүрген ақындардың шығармашылығына да кезек берілді. Атап айтқанда, торғайлық Айтбек Ниязбеков, амангелділік Серік Жұмабеков, әулиекөлдік Тоғайбай Бабыр, арқалықтық Молдатай Жапаровтың өлеңдері оқылды. Аслан Қанғожин, Жандос Жүсіпбек, Дәулет Жадырасын сынды қостанайлық ақындар да жырсүйер қауыммен жақсы туындыларын бөлісті. Сондай-ақ, ақындардың жырларымен шабыттанып, өлең оқуға ниет білдірген көрермендердің де сахнаға шақырылғанын айта кету керек.
Жалпы, өңірдегі барлық ақынның басын қосқан мұндай ауқымды поэзия кеші бұрын-соңды болмаған. Мұны кеш соңында сөз алған Қазақстан жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбеков те, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов та тілге тиек етті.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓