Отадан соң комаға түскен
Қостанай облыстық балалар ауруханасында үш жасар бала урологиялық операциядан кейін комаға түсіп, әлі күнге есін жимай жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қуат Әлмағамбетов: «Бұл мәселені әлі комиссия тексеруде, әзірге ешқандай мәлімдеме айта алмаймын, ал кішкентай Әмір әлі сол күйі есін жимады» деп жағдайға қысқаша түсінік берді.
Жағдайды түсіндіретін болсақ, 15 желтоқсанда облыстық балалар ауруханасында үш жасар Әмір мен тағы үш ұл балаға наркозбен жоспарлы урологиялық операция жасалған. Кешке қарай балалардың біреуінің тыныс алуы қиындап кеткен. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Баланың әкесі прокуратураға шағым түсірген. Баланың не себепті мұндай жағдайға душар болғаны туралы әлі ресми дерек жоқ.
Қостанай облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, балаларға жүргізілген операциялар бойынша тексеру материалдары қазіргі уақытта уәкілетті орган ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармакологиялық бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне дәрігерлердің іс-әрекеттерін тексеру үшін жіберілген. Қорытындыны алғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданатын болады.