Табысқа толы жыл

Соңғы кезде облыста Ұлттық спорт түрлері кең қанат жая бастады. Мәселен, көкпар, аударыспақ, ат бәйгесі, қазақ күресі, тоғықұмалақ, асық ату тәрізді ежелден халқымызбен бірге жасасып келе жатқан спорт ойындары жаңаша сипат алды. Осыдан төрт жыл бұрын Заречный кентінде Ұлттық спорт түрлерінің мектебі ашылған еді. Бүгінде онда 500-ден астам жасөпірімдер барып, спортпен шұғылданады. Олар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте өңір намысын жыртып, жүлдегер атанып жүр. Салтанатты рәсімде сөз алған Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Айбат Қабажаевтың айтуынша, 2022 жыл  Ұлттық спорт мектебі үшін жемісті болған. "Биылғы жылдың өзінде біздің мектепте көп жұмыс істелді.  "Арғымақ" атшабарында бес рет ат бәйгесі ұйымдастырылды. Оның бері жағында көкпардан қаншама рет жарыс ұйымдастырдық. Жалпы, Қостанай жылқы зауытының әлеуетін одан әрі дамытып, Қазақ тұлпарының атағын асқақтата бермекпіз. Біздің мектеп шәкірттері елішілік жарыстарға қатысып, үнемі жеңіс биігінен көрініп жүр. Мәселен, ортамызда отырған Жанар Сұлтанова қарындасымыз  асық атудан Азия чемпионы атанды. Ол өзі де шәкірт баулумен айналысады. Айта берсек, мұндай жетістіктеріміз аз емес. Оларды әрқашан мақтан тұтамыз",-дейді ол. Алдағы жылы бұдан да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ұлттық спорт мектебінің ұжымы өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, 2022 жылдың үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттады. Олардың арасында өңірдегі Ұлттық спортты дамытуға шама-шарқынша үлес қосқан үздік жаттықтырушылар марапатталды.  Олардың арасында қазақ күресі бөлімінің оқытушысы-жаттықтырушысы  Жұмақан Қасымханов, асық ату бөлімінің оқытушысы-жаттықтырушысы, Азия чемпионы Жанар Сұлтанова, қазақ күресі бөлімінің оқытушысы Талғат Кеңесов,  ат спорты бөлімінің оқытушысы-жаттықтырушысы  Айсара Ерденова, тоғызқұмалақ бөлімінің оқытушы-жаттықтырушысы Қаламқас Нұрқанова, Ақбота Мүсілім, қазақ күресінен ҚР чемпионатының  қола жүлдегері Әділхан Нұрхан бар. Сондай-ақ,  аударыспақтан  жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Қанат Тұрсын, Бекзат Жақып,  аударыспақтан жастар арасында ҚР чемпионатының қола жүлдегері Дархан Қасқырбай, облыстық "Ұшқыр бәйге" ат жарысының жеңімпазы Ринат Ертас,  қазақ күресінен республикалық және облыстық турнирлердің жеңімпазы Ералы Санай Нұралы Санай, Сәбит Дүйсенбек, Даниал Сейтқожин, Сұлтан Төленов, Шерхан Ерболат, Ахмет Қапен, Ернар Сайлау, Данияр Бекзат марапатталды. Ал асық атудан ҚР чемпионатының командалық 1 орын иегері Дарина Ақбаева, ауыл спорты ойындарынан республикалық турнирдің командалық 2 орын иегері Камила Ералина, облыстық турнирдің жеңімпазы Арлан Сәдуақасов, ҚР біріншілігінің командалық 2 орын иегері Милана Ярмоленко, ауыл спорты ойындарынан ҚР чемпионатының командалық 2 орын иегері Салтанат Қазиева, облыстық жекелей чемпионатының жеңімпазы Жансая Табанова, тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында өткен облыстық турнирдің қола жүлдегері Інжу Қуанышбай да Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлыққа кенелді. Үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттауға арналған  жыл қорытындысы мерекелік концертке ұласты. Қостанай ауданының өнер шеберлері марапат иелерін құттықтап, әннен шашу шашты.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Қостанай ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓