Жастарды спортқа шынықтыруда
Елімізде кәсіп бастауға ынта білдірген жастардың саны жыл санап артып келеді. Мемлекеттен бөлінетін гранттың да ауқымы кеңейді. Өңірімізде жеке кәсіппен айналысып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғандардың бірі – Меңдіқара ауданы, Боровское селосының тұрғыны Диар Қожақов.
Істің ыңғайын біліп, көзін тапқан жандарға демеп жіберерлік қаражат болса, ісі өрге жүзіп кетеді. Кейіпкеріміз мемлекеттік бағдарлама аясында грантқа қол жеткізіп, өз ісін бастап кеткен көрінеді. Алғашында "Бастау бизнес" курсы бойынша білім алып, кейіннен бизнес жоспарын құрды. Жобасы бірауыздан мақұлданып, грантқа қол жеткізді. Бала кезінен спортқа бейім болған Диар талай додаларда жүлделі орындарды иеленгенін де айтады.
– Кішкентай кезімнен спортқа жақын болдым. Талай мәрте қолыма былғары қолғап киіп, түрлі жарыстарда өнер көрсет-тім. Студент кезімде де жаттығып жүрдім. Спорт мектебінде аға жаттықтырушы Әскер Уәлиұлы тәлімгерім болды. Аудандық, облыстық, кейіннен республикалық жарыстарда бақ сынадым. Кәсіби жекпе-жектерде өзімді шыңдап, кикбоксингтен спорт шебері атандым. Қашанда ата-анам мен жақындарымның маған артқан үміті мені шабыттандырып келеді. Жас болсам да шәкірттерім бар. Солардың биік шыңдардан көрінуі үшін бар күш-жігерімді саламын. Биыл мемлекеттің қолдауының арқасында грант бұйырып, мектеп қабырғасынан жасөспірімдерге арналған спорт үйірмесін аштық. Жаттығуға 12 жасқа дейінгі балалар келеді, – дейді жас кә-сіпкер.
Әсел Қибаш
Меңдіқара ауданы.