Лисаков қаласы: жылдың үздік спортшылары кімдер?
"Союз" мәдениет үйінде шағын шаһардың намысын көтеріп жүрген үздік спортшылар мен жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді. Салтанатты кездесуде Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев үздіктерге марапат тапсырып, жаңа жеңістер мен биік белестер тіледі.
"Қымбатты спортшылар! Сіздерді қарсы алғаныма қуаныштымын! Өте маңызды және сонымен бірге жағымды миссия – сіздерге лайықты құрмет көрсету. Ерік-жігерлеріңіз үшін, жеңіске деген ұмтылыстарыңыз үшін, туған қаланың, елдің спорттық намысын қорғауға дайын екендіктеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Лисаков халқы әрдайым спорттық жетістіктерін мақтан тұтады. Жарқын және талантты спортшылар мен жаттықтырушылардың шығуымен ерекшеленіп келеміз. Шыққан биіктерден төмендемей, намысты қолдан бермеген саңлақтардың лайықты ізбасарысыздар. Елімізде спорт пен спортшыларға деген көзқарас әрқашан жоғары. Ал дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға, спортшыларды қолдауға мемлекеттік деңгейде айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортқа баса мән беруіміз керек деген болатын. Спортшыларымыз көк байрағымызды биікте желбіретіп, әнұранымызды асқақтата бергей! Жеңісті күндеріміз көп болсын!", – деді қала әкімі.
Моно шаһарда спорттың дамуына қолдау айрықша. Биыл Октябрь кентінде стадион бой көтерді, Лисаков техникалық колледжінің спорттық нысаны, "Алый парус" балалар сауықтыру лагерінде футбол және баскетбол алаңы салынды. Қазіргі таңда күрес және боксқа дайындалатын арнайы залдардың тапшылығы шешілді. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін жобалау-сметалық құжаты әзірленуде.
Салтанатты шарада республикалық, облыстық, халықаралық деңгейдегі, оның ішінде паралимпиадалық спортшылар рейтингінде көшбасшы орын алған спорт жарыстарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді. Олардың әрқайсының жеткен жетістігі, өмір жолы келер ұрпаққа үлгі. Басқосуда лисаковтық спортшылардың жетістіктері туралы фильм көрсетілді.
"Адам баласының қолынан не келетінін көрсете білдіңіздер. Мұны асқан абыроймен негізгі жұмыстарыңызбен қоса, отбасына деген қамқорлықты спортпен біріктірдіңіздер. Бұл қаншалықты үлкен төзімді қажет ететін еңбек екенін түсінемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерді қолдаған жақындарыңызға, отбастарыңызға ықыласым ерекше", – дейді Абай Ибраев.
"Тың-2022" облыстық спартакиадасында Лисаков құрамасы 20 өңірдің арасында үшінші орынға ие болды. Олардың көпшілігі қаланың, елдің намысын бірінші рет қорғап, жеңіске жеткендер. Бұл азаматтар – Лисаков қаласының мақтаныштары. Айта кету керек, облыстық спартакиадаға қатысатын негізгі құрама команда жұмыс істейтін спортшылардан құралған. Осыған байланысты өз қызметкерлерін жарыс күндеріне босатқан қала кәсіпорындары мен мекемелерінің басшыларының атына мақтау сөздер айтылмай қалмады.
Спорттағы ерен еңбектері үшін "Тың-2022" облыстық спартакиадасының же-ңімпаздары мен республикалық жарыстардың жүлдегерлеріне Алғыс хаттар мен әрқайсына ақшалай сыйлық тапсырылды. Құрметке бөленгендер қатарында Владимир Коробко, Виктор Василега, Николай Хрипунов, Анастасия Ляпкало, Анна Пархоменко, Оля Бородина, Жансая Баймағамбетова, Әсел Қабдығалымова, Жәнібек Жұмағазин, Камилия Салықова және басқалары да бар.
Жаттықтырушылар құрамы да назардан тыс қалған жоқ. Республикалық және облыстық деңгейде чемпиондарды жаттықтырғаны үшін Владимир Ткаченко, Сергей Макалов, Валерий Борисовтар танылды. Сонымен қатар, шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінген жиырмадан астам бапкер құрметке бөленді. Олар – Дәулет Тұрлыбеков, Оксана Вишняков, Берденбек Қайрат, Николай Сидорчук, Михаил Брыляков, Әсел Қабдығалымова және тағы басқалар.
2003 жылы Қазақстанның Паралим- пиадалық комитеті құрылды. Ол елдің спорт ұйымдарының үйлестіруші органы болып саналады. Бүгінде жетістіктерімен туған елінің дамуына зор үлес қосып жүрген мүмкіндігі шектеулі спортшылардың есімі аталмай қалмады. Олар: Павел Сидорчук, Алексей Лукутин, Гүлдерай Кабурова және басқалар.
"Спартакиада қатысушылары" номинациясы бойынша Президенттік көпсайыс қатысушылары Назымкүл Нұрлыбаева, Виктор Машарипов, Жұлдызай Баякова және басқа да жүзге тарта спортшы марапатталды.
"Он жыл ішінде ұлттық спорт түрінен қазақ күресін дамытудамыз. 2015 жылдан бері жұбайым Әсел екеуіміз дзюдо күре-сінен Лисаков қаласының тарихында тұңғыш рет Ел чемпионатының жеңімпазы, қазақ күресінен Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы Жансая Баймағамбетова, ҚР дзюдо, самбо күресінен бірнеше дүркін жүлдегері, жеңімпазы Надежда Казакевич, Юлия Кривич, Жәнібек Жұмағазин сынды мықты шәкірттер дайындадық. Облыстық спартакиада ойындарында қыздар құрамасы соңғы бес-алты жылда үшінші орынға ие болып келеді, соның ішінде жолдасым Ә.Қабдығалымова "Тың" спартакиадасын 7 рет ұтса, шәкіртіміз Жансая Баймағамбетова қатарынан 4 рет чемпион атанып отыр. Биылдың өзінде Жансая Қостанай облысында өткен қазақ күресінен ерлер және әйелдер арасында ҚР Кубогында қола жүлдегер, Атырау қаласында өткен ерлер және әйелдер арасындағы ел біріншілігінің қола жүлдегері атанды", – дейді Қостанай облысы қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры, қазақ күресінен Лисаков қаласының аға жаттықтырушысы Берденбек Қайрат.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Лисаков қаласы.