Тәттілері мен тәжірибесін бөлісіп жүр
Бүгінгі таңда кондитерлер сұранысқа ие мамандар саналады. Қостанай өңірінде де бұл мамандыққа қызығушылық танытатын жастар көп. "Іздегенге – сұраған" демекші, тәтті тағамдар дайындаудың білгірлері шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды белсенді қолға алды. Солардың бірі – кондитер маман Назгүл Сағымбаева.
Назгүл бұл кәсіпті 3 жыл бұрын бастаған. Қазір жиған тәжірибесін көпшілікпен бөлісіп жүр. Қолы қалт етсе, осы бағытта тәжірибе алғысы келетін адамдарға шеберлік сабағын өткізіп отырады.
«Мен екі мамандық – заңгерлік және кондитерлік бойынша оқыдым. Қазіргі уақытта кондитер болып жұмыс істеймін. Декреттік демалысқа шыққан кезден бастап, әртүрлі дәмдеуіш қосылған тоқаш пен торт пісіре бастадым. Сан алуан жобаларға қатысқаннан кейін бұл өнерге деген қызығушылық арта түсті. Карантин басталған кезде Астана қаласындағы «Jam» деп аталатын аспаздық оқу орнында білім алып, 3-ші санатты кондитер дипломын алдым. Қазір де онлайн түрде білім алуды жалғастырып жатырмын»,- дейді Назгүл.
Кондитер дайындайтын өнімдердің түрі көп. Әрқайсысының жасалу технологиясын бес саусағындай меңгеріп алған.
«Қазір тұтынушылардың сұранысы бойынша тоқаш, торт, мусстық торт, тарталет, пахлава, рулет, зефир түрлерін пісіремін. Өнімдерімнің дәмін татқан жұрттан мақтаудан өзге сөз естіген жоқпын. Жуырда, 10-11 желтоқсанда «Lime студия» орталығында кезекті шеберлік сыныбын өткіздім. Бағдарламам барысында қаражидек тарталеті пен жидекті тарталет, Snickers бәліш, бал қосылған бәліш, қарақат пен таңқурай қоспалары бар зефир және пахлава дайындау тәсілдерін үйреттім»,- дейді кондитер.
Дильназ Ізтілеуова,
3-курс студенті