Жұмыссыз жастар тізімі қысқарды
Қостанай облысы әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алға қойылған мақсат-міндеттер талқыланды.
Отырыс барысында NEED санатына жататын жұмыссыз жастар үлесін төмендету мәселелері қаралды. Осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асып жатыр. Қаржыландыру көлемі де арта түскен. Бұл жөнінде облыстық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Абай Дүйсеков баяндап берді.
«Облыста 152 095 жас бар. Бұл – өңірдегі жалпы халық санының 19 пайызы. Аймақта 20 жастар ресурстық орталығы жұмыс ісейді. Олар жұмыссыз жастар мониторингін үздіксіз жасап отырады. Жан-жақты қолдау көрсету тетіктерін іске асырумен айналысады. Биыл жастарға жұмысқа орналасу жөнінде 2456 кеңес беру қызметі көрсетілген. 25 рет бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жұмыссыз және еш жерде оқымайтын жастарды көбірек қамту үшін облыстық Полиция департаменті мен Спорт және дене шынықтыру басқармасының мүдделестік танытуын сұраймыз», – деді А.Дүйсеков.
Ол «Стартап», «Жасыл ел» жобаларының осы жылға тиесілі деректерінен мәлімет бере өтті. Аталған бағдарламаларға жастарды көбірек тартуға өңір басшылары көңіл бөлсе деген ұсынысын айтты. Осы мақсаттағы өзге де жобалар туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынова ақпарат берді.
«Жемісті жүзеге асып жатқан бағдарламалардың бірі – «Жастар практикасы». Бұл жобаны қаржыландыру көлемі ұлғайып, мерзімі 6 айдан 1 жылға ұзартылды. 2017 жылдан бері облыста 3,5, биыл 600 жас осы бағдарлама игілігін пайдаланған. Жаңадан іске қосылған «Алғашқы жұмыс орны» жобасының шарттары да осыған көп ұқсас. Ал «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасында жұмыссыз жастар қызметке тартылып, зейнет жасына жақындаған мамандардың орнын басады. Бұл да зор мүмкіндік ұсынатын бағдарлама. Мұның сыртында әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындары, мемлекеттік гранттар түріндегі басқа да қолдау тетіктері, қысқа мерзімді оқыту курстары нәтижелі жұмыс істеп жатыр», – деді ол.
А.Құсайынованың айтуынша, ұзын саны 9 мың жас тұрақты жұмысқа орналасып, «Бастау бизнес» жобасы арқылы 327 жас жеке кәсібін ашу үшін грант иеленген. 3-тоқсан қорытындысы бойынша, жұмыссыз жастар үлесі 2,3 пайызға тең болған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есеге төмен. Ол аталған жобаларға қызығушылық білдіргендердің Enbek.kz платформасына жүгінулеріне болатынын айтты. Бір әттеңі, мемлекеттік бағдарламалардан хабардар жастардың қатары айтарлықтай көп емес екен.
«Өңір басшылары, осы мәселеге назар аударыңыздар! Айтылмыш жобалар туралы көп жас білмейді, естімеген. Оған таяуда 350 студенттің қатысуымен өткен кездесуде көз жеткіздік. Басым көпшілігі мұндай мүмкіндіктердің барын алғаш рет естіп-біліп отырғандарын айтты. Насихатты көбейту керек. Бұның оқу орындарының басшылығына да қатысы бар. Ішкі саясат басқармасының өкілдері, сіздер де жұмысты ширата түссеңіздер. Шынымен де «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты» – жастардың жұмысқа орналасуына кепіл болатын жобалар», – деді Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.
Бұдан соң құқық қорғау саласының өкілдері жастар арасындағы наркоманияға қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Өңірдегі дебатшы жастардың да айтары бар. Олар пікірсайыс қозғалысын дамыта түсу, республикалық деңгейге көтеру үшін қолдау керегін айтты.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков