Жұмыс сапасы сын көтермейді

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев аппарат жиынын өткізіп, коммуналдық қызмет мәселелерін талқылап, қаланы қардан тазалау жұмыстарын сынға алды.
Шаһар басшысы өткен бейсенбіде басталған қала көшелерін қардан тазалау барысына көңілі толмайтынын, сылбыр жүріп жатқанын айтты. Ол алдағы үш күнде қаланы толық қардан тазалап бітіруді қадап тапсырды.
«Өткен аптада, қалың қар түскен бойда мердігерлермен қарды үш күн ішінде аршып бітіруге келіскен едік. Бұл мерзім кеше өтіп кетті. Мен 2,5 сағаттай қала ішін аралап, жұмыс барысын бақыладым. Сонда не көрдім? Қаланың сегіз бөлігіне жауапты бес мердігер ұйым белсенді жұмыс істеуі тиіс еді. Алғашқы күн жолдарды ашып, қар үюге кеткені түсінікті. Қалған 2,3-күн толықтай қар шығаруға жұмсалуы керек-тін. Карбышев көшесіндегі «АБЗ+» ЖШС жұмысына көңіл толмады. Баяу жүріп жатыр. Камаздар жартылай бос. ТКШ бөлімі қайда қарап отыр? Оларға ақша төленіп жатқан жоқ па!» – деді М.Жүндібаев.
Серіктестік басшылығы елеусіз сылтау айтып, мұндай кемшілікті қайталамауға уәде берді. Әкім мұндай олқылық басқаларға сабақ болуы керегін айтып, жұмысқа немқұрайды қарағандарға аяушылық болмайтынын ескертті. Ол бір емес, бірнеше ұйым басшысын орнынан тұрғызып, сұрақтың астына алды. Солардың бірі – қала орталығына жауапты «Таза жол АТ» ЖШС.
«Сендер ешбір учаскені үлгерте алмай жатырсыңдар. Әл-Фараби даңғылы, Толстой, Баймағамбетов, Алтынсарин көшелерімен жүріп өттім. Жолдар әлі дұрыс аршылмаған. Тек Абай даңғылы тазартылған, оның өзін де аяқтамадыңдар. Бүгін ғана Нариман-Тәуелсіздік көшелері аралығындағы учаскеде әлі қар жатыр. Адамдар әлі қарды омбылап кешіп жүр», – деп сын айтып, жағдайды реттеуді тапсырды әкім.
 КСК шағын ауданы мен Назарбаев көшесіне дейінгі жеке секторларға жауапты «ДК-Мақсат» ЖШС.
«Сіздердің техника кеше Назарбаев көшесінде ешқандай қызмет белгісінсіз жұмыс істеп жүр. Жолдың қақ ортасына КамАЗ-ды көлденеңінен қойып қойған. Жүргізушісінен белгілерінің қайда екенін сұрасам, арғы көшеде дейді. Арнайы барып қарасам, ештеңе де жоқ. Неге қауіпсіздік талаптарына шекеден қарайсыздар? Тағы бір жүргізуші жолды тазартып жүріп, күрегімен бордюрлерді соғып жүр. Бұл не салғырттық?» – деп реніш білдірді әкім.
 ЖШС жетекшісі ақталып жатпай, «мәселені шешеміз» деп қысқа қайырды. 2-ші Қостанай шағын ауданы және Узкая Колея, Киевский көшелеріндегі жағдай да аса мәз емес. Жалғыз ғана мақтау естіген ұйым – «Конгломерат.KZ» ЖШС. Олар өздеріне бекітілген Қайырбеков көшесін, КЖБИ шағын ауданын мұнтаздай етіп қойған.  Қала әкімі қалғандарына алдағы бейсенбіге дейін жатпай-тұрмай жұмыс істеуді тапсырып, белгіленген мерзімде міндетін аяқтай алмағандарға шара қолданылатынын айтты.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓