Сайлаушылар толассыз келіп жатыр
Бүгінгі Президент сайлауына Аманкелді ауданының тұрғындары да жоғары белсенділікпен қатысып жатыр.
Біз барған №227 сайлау учаскесі жұмысын таңғы сағат 7:00-де басталып, салтанатты түрде әнұранмен ашылды. Дауыс беруге бірінші боп келген Марат Әлімжанұлы есімді азаматқа арнайы сыйлық берілді.
-Президент сайлауы – еліміз үшін маңызды саяси оқиға. Сондықтан, өз басым мемлекет басшысын сайлайтын мұндай саяси науқаннан қалыс қалған емеспін. Бүгін де сайлауды азаматтық парызым ретінде және әдетім бойынша 6:00-де келдім. Ерте келгенім үшін сыйлық та беріп жатыр, мен үшін тосынсый болды, – дейді Марат Әлімжанұлы.
Осы учаскеге алғашқылардың бірі болып аудан әкімі Талғат Карбозов та келді. Сайлау учаскесіндегі жағдаймен танысып, дауыс берушілерге сәттілік тіледі. Жалпы, аудан және ауданға қарасты ауыл, ауылдық округтерде 30 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
-Аудан тұрғындары кезектен тыс Президент сайлауына белсенді қатысуда. ҚР азаматы ретінде дауыс беру құқықтарын әрқайсысы толыққанды пайдаланып жатыр, – дейді №227 сайлау учаскесінің төрағасы Бекболат Сақтапбергенұлы.
Бибіт Нұрмұханов
Аманкелді ауданы