Қостанайлық студент грант иегері атанды

Богдан Серов – 2 курс студенті, болашақ кондитер аспаз, сонымен қатар «Қостанай облысының құрамасы» жайдарман тобының мүшесі. Жас жігіт шығармашылық жетістіктерімен бірге Startup Way жоба байқауының жеңімпазы. Ол жақында ғана 250 мың теңге грант ұтып алды.
Жас кәсіпкер бала кезінен көкөніс пен жидек өсіріп, оны сатуға әуес. Оған ата-анасы, әсіресе, атасы мен әжесі қол ұшын созып тұрады.
Богдан осы жылдың наурыз айынан бері «Шағын көгал» жобасына қызығушылық таныта бастаған. Негізгі мақсатын айқындап, идеясын жүзеге асыра білді.
«Басты міндет – жаңа кәсіпке деген қызығушылықтың артуы және осы істің қолымнан келетінін дәлелдеу. Өз кәсібін ашуға бел буған, бірақ қорқып жүрген жастарға үлгі болғым келеді. Шынымды айтсам, жобаны қолға алғанда менің бойымда да қорқыныш болды. Егер нәтижесі оң болмай қалса деген сұрақ жиі мазалаған еді. Бірақ бұл кедергілер тек біздің ой санамызда, әр жағдайда күмәнмен қарау бойымызда қалыптасқан дүние. Дегенмен де, түрлі ой-пікірлерге қарамай, мүмкіндік бар уақытта мақсатқа жете білу қажет», – дейді Богдан.
«Шағын көгал» жобасы аскөк, ақжелкен немесе салат жапырақтары секілді қарапайым өнім түрлерінен ерекшеленеді. Оның құрамында адам ағзасының дұрыс дамуына, өсуіне қажетті A, B-1, B-12, C, E, K дәрумендеір мен микроэлементтер бар.
Алдағы уақытта түрлі жобаларды жүзеге асырмақ ойы бар.
«Көптеген түрлі жоба идеялары бар және оларды болашақта жүзеге асыруды жоспарлап отырмын. Бірақ, біріншіден, мен шағын көгал өсіруді одан әрі игеріп, жаңа деңгейге жетіп, дамытқым келеді. Егер бәрі ойдағыдай болса, жаңа жылда жаңа идеялар мен үлкен нәтижелерге қол жеткіземін деген сенімдемін», – деп атап өтті Богдан.
Ділназ ИЗДЕЛЮЕВА
3-курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓