Ашық әрі әділ қоғамның кепілі
ҚР президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова Қостанайға келіп, бір топ заңгерлермен кездесті. Құқық қорғаушы «Талап пен тәртіп – ашық және адал қоғамның кепілі» атты сайлауалды бағдарламасында басты 5 пункті негізге алған екен. Оның алғашқысы – сот-құқықтық реформа және қоғамдық қауіпсіздік. Мұнда сот әділдігі, дау-жанжалдарды бітімгерлікпен аяқтау, парақорлыққа қарсы жаңа бағдарлама әзірлеу.
Билік институттарын демократияландыру әрі саяси жүйені жаңғыру – үміткер ұсынған екінші пункт. Онда саяси ортадағы бәсекелестікті орнату, сайлау заңнамалығын жетілдіру, адам құқықтары жөніндегі институттарды қорғау және заңнаманы күшейту.
– Азаматтық қоғамның дамуы – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады. Азаматтық қоғам институттарының жүйесін тиімді жасақтау әрі қоғамдық бақылауды күшейту аса маңызды, – деді Салтанат Пархатқызы бағдарламасының төртінші бөлігінде.
Қазіргі қоғамда отбасы институтын күшейту және халықты әлеуметтік қорғау ең өзекті мәселенің бірі. Кандидат өз сөзінде кедейлікпен күресу, әлеуметтік баспаналарды салудың жоспарлары жайында баяндады.
– Әйелдердің, І, ІІ топтағы мүгедек бала бағып отырғандардың зейнет жасын 58-ге дейін төмендетуге атсалысамын. Әсіресе, гендерлік теңдікке аса мән беру өзекті мәселе. Бүгінгі заңнамалық талаптар бойынша әйелдердің 30 пайыздық квотасы енгізілген. Біздің тұрғындардың 52 пайызы әйелдер, сондықтан 30 пайыз квотаны енгізу дұрыс емес. Мұны әйелдерге қатысты кемсіту деп санаймын. Осы жағынан ешқандай квота болмауы тиіс. Шет мемлекеттерде мұндай тәжірибе жоқ. Барлық деңгейдегі басқару органдарында, депутаттық корпуста, парламентте, квазимемлекеттік секторда ерлер мен әйелдердің үлесі 50\50 тең болуы керек, – дейді президенттікке үміткер.
Тұрақты құқықтық тетіктерді бекіту және бизнес пен экономиканы дамытуды қолдау Салтанат Тұрсынбекованың назарынан тыс қалмаған. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қысқа мерзімде әзірлеу, елдегі маңызды стратегиялық нысандарды жекешелендіру тармақтары бар.