Штаб мүшелері Қостанайда
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қостанай және Ақмола облыстарының сайлаушыларымен 60-тан астам кездесу өткізді.
Олар ең алдымен Әулиекөл ауылында өрттен зардап шеккен жергілікті тұрғындармен кездесті.
– Әулиекөлде зардап шеккен тұрғындарға арналып, екі айдан аз уақыт мерзімде жаңадан “Бірлік” шағын ауданы бой көтерді. Баспанасынан айырылған 91 отбасы күн суымай тұрып жаңа үйге кірді. Ел аумағында “Қостанайға көмек” қайырымдылық акциясы да ұйымдастырылды. Бұл – “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін” қағидатының іс жүзіндегі көрінісі, – деп атап өтті республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Асхат Оралов.
Бұдан соң, штаб мүшелері облыс орталығында да өңір жұртшылығымен кездесу өткізіп, онда әділетті өңірлік саясатты қамтамасыз етуге бағытталған сайлауалды бастамаларды түсіндірді. Яғни, сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан жұмыспен қамту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін ССКӨБ, «Агромашхолдинг», «Баян Сұлу» және т. б. кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесу барысында талқылады.
Ал, Ақмола облысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында республикалық штаб мүшелері кандидаттың білім беру құндылықтарын ілгерілету, білім және ғылым саласын, жастар саясатын дамыту жөніндегі бастамаларын назарға алды. Бұдан соң, өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтарының өкілдерімен іс-шара өтті. Сондай-ақ, штаб мүшелері туристік кластер өкілдерімен шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты шараларды да талқылады.