Келешекке көз салып…

Алдымен ҚР Ұлттық экономика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Смағұлов бастаған топтың тұрақты мүшелері қала әкімдігінде болып, жергілікті атқарушы орган басшылары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосты. "Қазақстан – 2050" Стратегиясында Елбасы қазақстандықтар алдында тұрған нақты мақсаттар мен оған жету механизмдерін айқындап берген. Мәртебелі мейман жеті бағыт бойынша тапсырмаларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, екі он жылдықта қазақ елі қарышты қадамдарын нық басып, 30 елдің қатарына енуге тың серпіліс жасап жатқандығын атады. Оның ішінде 21 ғасырдың терезесін айқара ашқан еліміздің еңсесі тіктеліп, ертеңі жарық шамдай жарқырай түсетіндігіне сенім білдірді.
Әкімдіктен кейін қонақтар Рудный индустриялық институтының студенттері мен оқытушылар құрамымен кездесуге аттанды.
Онда Бауыржан Әмір-жанұлы жаңа Жолдаудың бағыт-бағдарын түсіндіріп, агроөнеркәсіп кешеніне инновацияларды енгізу, жасыл экономиканы құру, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ мемлекеттік институттарды жетілдіру мәселесіне кеңінен тоқталды.
– Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыратын да, оның жемісін көретін де бүгінгі жастар. Мемлекеттік бағдарламалардың барлығы да өскелең ұрпақтың болашағы үшін қабылданған. Сондықтан Президент жастарға үлкен үміт артып отыр, – деді мейман. Әсіресе, экономика саласына қатысты нақты мысалдар келтіре отырып айтқан әңгімелерін көпшілік қызыға тыңдады. Оқытушылар кәсіпкерлікке жер телімдерін рәсімдеу, жанар-жағармай бағасының тұрақсыздығы мәселелеріне алаңдаулы екендіктерін жеткізсе, институттың тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жасұлан Алпысбаев оқу орнында студенттер мен кәсіпкерлер альянсы құрылып жатқандығын тілге тиек етті. Осы орайда бизнес өкілдері бұл бастамаға немқұрайлы қарамай, оның табысты жүзеге асуына қолдау көрсетсе деген тілегін білдірді. Бауыржан Смағұлов ұсыныстар мен өтініштерді байыппен тыңдап, жағдайдың бірте-бірте түзеліп келе жатқандығын айтты. Мәселен, жанар-жағармай бағасын реттеу мақсатында Шымкент мұнай өңдеу зауыты толықтай жаңғыртудан өтсе, Павлодар мен Атырау зауыттары бұл жұмысқа енді кірісіп жатқан көрінеді. Министрлік өкілі кейбір мәселелердің шешілуі қағазбастылыққа байланысты ұзақ уақытты талап ететінін жасырмады.
Басқосудан кейін ақпараттық-насихат топ мүшелері білім ордасының мұражайында болып, қала мен институттың қалыптасу тарихына көз жүгіртті.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ