Сайлау ережелері түсіндірілді
Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студенттер, магистранттар, докторанттар және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өтті.

Жиын тақырыбы «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы мәселелері бойынша конституциялық ережелерді түсіндіру» деп аталды. Кездесу модераторы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Сымбат Укин болды. Кездесу барысында профессор, «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі Ермек Абдрасулов Республика Президентін кезектен тыс сайлау мәселелері бойынша конституциялық ережелерді заңдық талдаудың өзекті мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.



Бұған дейін хабарланғандай, 2022 жылғы 27 қыркүйекте еліміздің заңгерлер қауымдастығын шоғырландыру мақсатында «Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адалсайлау үшін» штабы құрылған еді. Мақсаты – Конституциялық реформа ережелерінің жария өрісінде заң қоғамдастығын құқықтық сүйемелдеу, сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау.