Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен Қостанай облысына келді
ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен Қостанай облысына үгіт-насихат науқаны аясында іссапармен келді. Ол облыстық өлкетану мұражайында, А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте болып, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Кандидат Қостанай қаласына сапарын ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тарихи тұлғаның рухына тағзым етуден бастады.
Кейін Мейрам Қажыкен облыстық өлкетану мұражайына барып, Тобыл өңірінің құнды жәдігерлерімен танысты. Сонымен қатар, музей қызметкерлеріне өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Артынша кандидат Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университет студенттерімен кездесіп, жастарды толғандырған сұрақтарына жауап берді.
«Біздің штаб 12 қазаннан бастап жұмыс істейді. Әрине, бұл дайындық кезеңі болды. Үгіт-насихат жұмыстары 21 қазан күні басталды. Біз барлық баннерлерді ілу жұмыстарын аяқтадық. Бізбен бірге еріктілер жұмыс істейді», – деп үгіт-насихат жұмыстарының барысына тоқталды облыстық штабтың басшысы Серік Сатмұхамедов.
Қостанай қаласының жұртышылығымен өткен кездесулерден кейін Мейрам Қажыкен облыстық штабтың жұмысымен де танысты. Қазіргі таңда қоғамдық кеңесте 4 адам бар. Үгіт-насихат жұмыстарына еріктілер де тартылған.
Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Заречное» тәжірибелік станциясында да болды. Станция жұмысшыларымен кездесуде ауыл шаруашылығы саласы мен ғылымындағы проблемалар талқыға салынды.