Бүгін — Республика күні

25 қазан – Республика күні! Араға он үш жыл салып қайта оралған мерекенің қадір-қастері ерекше. Оны биыл Мемлекет басшысы қайтадан атаулы күн ретінде бекіткен еді.
Жалпы, бұл мемлекеттік мерекенің 27 жылдық тарихы бар. Алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланып, бұл жарлыққа елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған еді. Ал енді Республика күнінің 25 қазанға белгіленуі де кездейсоқтық емес. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жалпақ әлемге паш болды. Онда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Сондай-ақ, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында мемлекетіміз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Қазір қоғамда екінің бірі Тәуелсіздік және Респбулика күндерінің айырмасын біле бермейді. Бірін бірі қайталайтын мейрамға балап жүргендер көп. Бұл жөнінде қостанайлық заңгер Сәуле Сәдуақас түсінік берді.
«Республика күнінің мәртебесі 16 желтоқсандағы мерекеден бөлек. Бұл – мәні терең мереке. Ең алғаш Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет ретінде құжатын алған күн. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі» деп жатамыз ғой. Аңғарсаңыз, Республика Тәуелсіздіктің алдында тұрады. Басқаша айтқанда, егемендіктің алғышарты Республика ретінде декларация қабылданған сәт. Яғни Қазақстанның егемендігі жарияланған күн. Мұны мереке ретінде қайта жандандыруда үлкен рухани астар-мағына бар», – дейді кәнігі заңгер.
Естеріңізде болса, Республика күнін ұлттық мереке мәртебесін қайтару бастамасын Президент Қ.Тоқаев 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда ұсынған еді.
"Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан соң қыркүйек айының орта шенінде Қазақстан Республикасының Парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізді. Сол құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.
Ендігі ажыратып алар бір тұсы – ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы.
«Елдің тәуелсіздігі құжат жүзінде осы күннен басталатындықтан, мемлекет құрушы ұлттың басты мерекесі ретіндегі құндылығы болғандықтан, Республика күні ұлттық мереке аталады. Бұны Тәуелсіздік күнін дәріптейтін, нығайтуға септігі тиетін мерекеге балауға болады. Ал Тәуелсіздік күні осы Республика күні аясына енетіндіктен, тағзым етуге арналған атаулы күн болғандықтан, мемлекеттік мереке саналады», – деді бұл туралы Сәуле Сәдуақас.
Оның айтуынша, Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған мереке.
Биыл ҚР Үкіметі аталмыш мереке аясында қазақстандықтардың қанша күн демалатынын да белгілеген болатын. Премьер-министр Әлихан Смайылов қазан айының басында қол қойған үкімет қаулысына сәйкес, биыл 23, 24 және 25 қазан демалыс күні болып саналады.
"Биыл 25 қазанда еліміздің ұлттық мерекесі ретінде алғаш рет Республика күні аталып өтеді. Демалыс күнін ауыстыру жұмыс істейтін қазақстандықтарға мереке кезінде демалысын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеген еді бұл жөнінде Үкімет басшысы.
Сонымен, Ұлт мейрамы ретінде қайта жаңғырған Республика күнін мемлекетіміздің ең басты мерекесі деп атауға толық құқылымыз. Өйткені бұл ел егемендігінің бастауы саналатын күн.  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓