Үкімет басшысы: “108 тапсырманың 44-і орындалды”
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің қаңтар оқиғасынан кейін берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаңтар айында болған қайғылы оқиғалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына түзетулер енгізді. Әлеуметтік-эконмикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында осы жылдың басынан бастап сіз Үкіметке шұғыл және жүйелі 108 тапсырма бердіңіз. Бүгінгі таңда 44 тапсырма орындалды», – деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-жоспар аясында елдің барлық аймақтарында қоғамдық тәртіп қалпына келтірілген.
«Коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мрораторий енгізілді. Жанар-жағар майға және газға шекті бағалар белгіленді. Үкімет жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Утилизациялық алымлдар мемлекетке берілді. 100 процент мемлекеттік ұйым «Жасыл даму» акционерлік қоғамы жауапты оператор болып айқындалды», -деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады.
«2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 процентті құрады. Тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторы нақты сектор болды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,38 процентке жетті. Тау-кен өнеркәсібін есепеке алмағанда негізгі экономикаға салған инвестициялар 9,5 процент ұлғайды. Тікелей шетелдік инвестициялар өткен жылдың 9 айында шамамен 50 процент өсіп, 18,8 млрд долларды құрады», – деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, 11 айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда мен инвестиция тарту саласында біраз өсім байқалған.
«Сондай-ақ өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, сыртқы сауда айналымы 15,4 процент өсіп, 91,4 млрд долларға жетті. Ал тауарлар экспорты 25 процентке артып, 54,5 млрд долларды құраса, импорт көлемі 4,2 процент өсіп, шамамен 37 млрд доллар болды», -деді Премьер-министр.