Бағдат Үмітқали: «Армандаған ағаларыммен күрестім»
Спорттың үш түрімен қатар айналысатын жалынды жас Бағдат Үмітқали ерекше қабілетімен көпшілікті сүйсінтіп жүр. Бүгінде спортшының қандай жаңалықтары бар? Арман-мақсаты не? Осы сауалдар төңірегінде, сондай-ақ жеткен жетістіктері жайында пікірін білдік.
– Спортшылар арасында танымал болғаныңызбен, көпшілік оқырман біле бермейді, әуелі өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, киелі Міржақып атамыз дүниеге келген Саға (Қызбел) деген ауылдан боламын. 2000 жылы туғанмын. 11 жылдық біліп алып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік унверситетіне оқуға түстім. Спортпен бала күнімнен айналысамын, бірақ ол кезде бапкерім еді. Әлеуметтік желілерден көргенімді қайталап жүретінмін. Қызығушылық арқылы келдім десем болады.
– Қай спорт түрлерімен айналысасың?
– Бірінші курсқа келгенде «Сұңқар» спорт кешенінде жаттықтым. Сол залда Жұмахан Қасымханоы бапкерім болды. Менің күреске деген икемімді көріп, дайындай бастады. Сол кісіден көптеген әдісті үйрендім. Ең бірінші қазақ күресінен бастадым. Сондай-ақ самбо, дзюдо күрестерімен айналыса бастадым. Үш спорт түрі ұқсас, бірақ ережелері әртүрлі. Мысалы, қазақ күресінде тұрып күрессек, дзюдода тіземен немесе жатып лақтыру әдістері бар, ал самбо күресінің ерекшелігі аяқтан ұстауға болады.
– Сонда спортпен айналысып жүргеніңе қанша уақыт болды?
– Бес жыл. Осы уақыт ішінде спорттың түр-түрімен айналыстым. Соның ішінде қазақ күресінен алған ең алғашқы жетістігім – «Жас барыс» турнирінде алған жүлдем. Ең мықты турнир. Шымкент қаласында болып, жүлделі 3-орын алып келгенмін. Сырт жақтағы алғашқы жарысымда алған тырнақалды табысым.
– Тағы қандай жетістіктерге жеттің?
– Қазақ күресінен жастар арасындағы ҚР чемпионатының жүлдегерімін, облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы болдым. Самбодан ҚР спорт шеберіне үміркермін, дзюдо күресінен облыс жеңімпазымын. Шынайы айқастан ҚР спорт шебері атандым. Ал белбеу күресінен облыстың бірнеше мәрте жеңімпазы болдым. Осындай жетістіктер бар.
– Шынайы айқастан ҚР спорт шебері атандым дедіңіз, осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. Ол қандай спорт?
– Енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан спорт түрі. Төбелеске жақын. Өзінің белгілі ережелері бар, яғни бас, кеуде, аяқ қорғаныстары болады және ұпай беріледі. Бастан тепсе 3 ұпай, күрес әдісін қолдансаң да ұпай аласың, былайша айтқанда, әртүрлі ұпайлар бар. Қызығушылық болды. Себебі менің қабілетіме келетін спорт түрі екен. Әдістерін, ережелерін үйрендім. Екі ай дайындалып, Қостанай қаласында 16 облыс қатысқан үлкен турнирде бақ сынадым. Одан өткендер әлем чемпионатына жолдама алады. Уақыты келіп, сайысқа шықтым. Бірінші қарсыласым алматылық жігітті жеңіп кеттім. Екінші кезеңде Қарағанды жігітімен айқастым. Үшінші, финалдық бәсекеде Қызылорданың спортшысын 2 ұпаймен жеңіп кеттім. Сонымен әлем чемпионатына жолдама алып, шынайы айқастан ҚР спорт шебері атандым.
– Басында айтып өткендей, спортпен шұғылдануды ауылдан бастадың. Осы орайда қазақ күресінің ауылдағы ахуалы жайында не айтар едің?
– Ауылда қатты дамымаған. Мысалы, мені жаттықтыратын адам болмады. Осы тұста «менің бапкерім болғанда, қазір басқа деңгейдегі спорты болар ма едім» деген сәл өкінішім бар. Ауылда көзі ашылмаған бұлақтар қаншама. Елге барып шәкірт дайындағым келеді. Мысалы, екінші курста Алматыда оқу-жаттығу жиыны болды, сол кезде армандаған ағаларыммен күрестім. Бастысы, ниет керек және жол нұсқайтын адам болуы керек, осындай кедергілер ауылда болмаса екен деймін. Ауылға барып, спорт саласына үлесімді қосқым келеді.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Айдана МАНАТ