Алты шақырымы жөнделеді

Облыс орталығындағы Абай даңғылында ескірген бордюрлер ауыстырылады. Бұл жұмыс келер жылға жоспарланып отыр.
Орталық көше – қаланың бет-бейнесі. Мұнда күн сайын 28 мың көлік жүріп өтеді. Мамандар нормаға сәйкес келмейтін жолға бұл үлкен жүктеме екенін айтады.
Абай даңғылына бес жыл бұрын күрделі жөндеуден жүргізілген еді. Осы жылдар ішінде жол төсемі айтарлықтай нашарлады. Асфальтта көлденең жарықтар, шұңқырлар пайда болып, жиектастар (бордюрлер) опырылып жатыр.
Жол жөндеу Тәуелсіздік көшесінен Карбышев өткеліне дейін жүргізіледі. Сараптама қорытындысы бойынша осы аралықтағы 6 шақырым жолдан бірнеше ақау табылған. Жол төсемін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жылжымалы зертхана мамандары зерттеп көрді. Осы кезге дейін озық технологиялардың көмегімен екі рет сараптама өткізілген. Арнайы жабдық жолдың әрбір миллиметрін сканерлейді, ал жиналған деректерді саралауға бір күн кетеді. Аталмыш орталықтың бөлім басшысы Владимир Завалийдің айтуынша, бұрын зерттеу екі аптаға дейін созылса, қазіргі жағдайда тек үш сағатта бітеді. Қорытындысымен қоса есептегенде бір жарым күндей ғана уақыт жұмсалады.
– Жоспар бойынша жолдарды орташа жөндеу әр бес жыл сайын жүргізіледі, – дейді ТКШ бөлімінің бас маманы Шыңғыс Омаров. – Сараптама қорытындысына сәйкес жол төсемінің жоғарғы қабатының серпімділік модулі стандарттарға сәйкес келмейді. 180 МПа (мегапаскаль) серпімділік нормасында асфальтбетон қабаты талдау кезінде 176,45 МПа көрсетті. Жол жиегіндегі 13 577 метр бордюрдің 8 257 метрі үгітіліп, мүжіліп жатыр. Бұл жалпы санының 61%-ы жарамсыз деген сөз. Аталған ақаулар қауіпсіздікке әсер етеді, сонымен қатар қаланың эстетикалық келбетін нашарлатады.
Баспасөз туры кезінде мамандар жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жиектастардың биіктігіне де назар аударды. Көбінде асфальттан орта есеппен 2 см шығып тұр. Арбаға таңылған адамдарға бұл үлкен кедергі дейді мамандар. Тротуарға көтерілу үшін көп күш жұмсауы немесе біреудің көмегі керек. Келесі жылы бұл мәселе шешіледі, құрылысшылар жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жиектасты асфальтпен бірдейлестіріп қояды.
Абай көшесіндегі жиектастар келесі жылы бетоннан емес, граниттен қойылады. Бұл материал анағұрлым берік. Оған бюджеттен алдын ала бағалауларға сәйкес шамамен 300 млн теңге жұмсалады. Асфальттың жоғарғы қабатын ауыстыруға 1 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓