Залал – 43 млн теңге
Қостанайда банк заңгері мен кәсіпкер жалған құжат рәсімдеп, кепілге қойылған мүліктің иесін 43 млн теңге шығынға батырған.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, істі қалалық №2 сот қараған. Айыпталушы кәсіпкер 2006 жылы сәуір айында көмектесуге келісім берген танысының жылжымайтын мүлігін кепілге қоя отырып, 300 мың доллар несие алыпты. Кейін банк алдындағы қарызын төлемей кеткен.
«Сол кезде кепілдікке қойылған жер учаскесі мемлекеттен 2012 жылға дейін жалға алынған. Банк заңгері несие шартында жалдау мерзімін 9 жыл деп көрсеткен. Өйткені несие алудың басқа жолы жоқ еді. Демек, құжат қолдан жасалған. Ақырында кәсіпкер несиені төлемей кетіп, салдарынан кепіл иесі мүлігінен айырылып, 43 млн теңге қарыз арқалады», – дейді баспасөз қызметі.
Сөйте тұра, айыпталушылар кінәларын мойындамаған. Прокурор банктің бұрынғы заңгерін 2 жылға, кәсіпкерді 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын ұсынды.
«Сот оларды кінәлі деп танығанымен, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Өйткені қылмыс жасалғалы бес жылдан көп уақыт өтіп кеткен. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деді облыстық сот мамандары.