Сәттілік кепілі – сенім мен жігер

Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында Startup talks конференциясы өтті.
Мақсаты – жастардың бизнеске қызығушылығын ояту, оларды кәсіпкерлікке баулуға диалогтық алаң құру және қатысушылар санын арттыра түсу.
Конференцияға облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылай Кәкенов, «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшесі Елена Венгерская, «MOST» бизнес-инкубаторының директоры Әнуар Лензат және бизнес-тренерлер Марат Бикенов пен Шолнап Нұрқановалар, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен студенттер қатысты.
Бәсекеге қабілеттілік негізі – білім және бизнес. Бұл сұранысты жас буынның белсенділігі толтыра алмақ. Бүгінде оған кең мүмкіндік, жан-жақты қолдау тетіктері бар. Мәселен, бір ғана «MOST» бизнес-инкубаторының ықпалы орасан зор. Ол «жанам деген жүректерге от беріп», талапкерлерге демеу жасап, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатуда жемісті жұмыс істеп келеді. Конференцияға алматы қаласынан қосылған аталмыш жоба директоры Әнуар Лензат осы тұрғысында толық мәлімет берді.
«Жоба 11 жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде бұған 10-12 мың кәсіпкер қатысқан. Олардың жалпы айналымы 6 млн доллардан асып түсті. Басты ерекшелігі – бизнес-идеялардың бастапқы кезеңінен бастап қызмет көрсетеміз. Талапкерлерге инвестиция тарту қарастырылған. Яғни болашақ кәсіпкерлер әп дегеннен қаржылық қолдау көре алады», – деді ол.
Аталған жоба жылма-жыл масштабын кеңейте түсуде. Қазірдің өзінде АҚШ, Сингапур және еуропаның алпауыт елдерінде әріптестері бар. Үміткерлерден талап етілетіні – тартымды, тегеурінді Startup-идеялар. Оны жоспарлау, құру жөнінен білікті бизнес-тренерлер әрдайым көмекке келуге дайын. «Атамекен» ҰКП өкілдері де жастарға қолдау көрсетуден тысқары қалмайтынын айтты.   

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓