ЖАЗБА АЙТЫС: Ернұр мен Балғын

Қазақтың журналистикасының атасы, ақын, жазушы, публицист Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығына арналған "Қазақ үшін жүрек шамын май қылған" атты облыстық жазба айтыстың 2-айналымы басталды. Бұл кезеңге он ақынның ішінен алты үміткер жолдама алған еді. Солардың арасындағы алғашқы жұп –  Ернұр Әуезхан мен Балғын Әділбекқызы жаңа кезеңнің жыр сайысын бастап бермек. Жас ақындардың өнеріне зер салып, баға бере отырыңыздар!
 
Ернұр:
Өткізген шүкірменен әрбір күнін,
Қазақтай дана жұрттан алдым білім.
Ассалаумағалейкүм, оқырмандар,
Арқалап шықты ұлың нардың жүгін.
Екінші айналымға аяқ бастық,
Айтыста бірі болып алдыңғының.
Аяулы аруменен жұптап қойып,
Тамаша сый жасады тағдыр бүгін.
Қазылар алқасына алғысым зор,
Түсінген бойдақ жүрген жанның мұңын.
Ел, қазы қатар сенім артып отса,
Ұлың қалай байқатпас алғырлығын.
Балғындай сұлуменен жұпталғанда,
Арналсын ағайынға балғын жырым.

Ғалымның сөзі өлмейді хатта қалған,
Жақсыны залал болмас мақтағаннан.
"Қостанай таңы" бүгін ерлеп тұр ғой,
Қызметін адалдан атқара алған.
Төртінші рет өткізіп жазба айтысты,
Көрінді небір жүйрік топтан алуан.
Айбынды Елорданы жырға қосып,
Намысын ұстатпады жатқа қолдан.
Одан соң Омар Шипин, Абай сынды,
Алыбын ақындары мақтап алған.
Ал биыл Мұхамеджан атамыздың,
Тойы деп елмен бірге шаттана алған.
Осы іскесебепкербопжүргендердің,
Ғұмырын қылсын деймін бақтан Аллам.
Ұлтыма үлгі болып тұр ғой ісің,
Ұлы өнерді ұлықтап жатқан ордам.

Арудың бізге биік бағасы әр күн,
Бағасын беріп жатыр жаңаша әркім,
Аман ба Балғындай перизатым?!
Ыңғайын таба білген сан асаудың.
"Серпінмен" келіп едің білім қуып,
Бүгінде жайыңызға қарасармын.
Мінекей, төрт жылың да тәмәмдалды,
Деп жүрсің жаңа өмірге жол ашармын.
Енді үш жылың өтеді жұмыспенен,
Куәсі болам әлі тамашаңның.
Содан соң сен де еліңе аттанарсың,
Жолыңда тұра алады қаласаң кім?
Ұсынысым бар менің саған айтар,
Тілегі деп білгейсің қарашамның.
Келін болып қалсаңшы Торғайыма,
Келмесе жүрегіме жара салғың.
Өзіңе бауыр басып қалған жұрттың,
Алдында асқақтамай аласардың.
Құстардай жылы жаққа ұшып кетпей,
Ұлылар ұясына қона салғын.

Балғын:
Жебедей жиектеген нысананы,
Теңге іліп, тиек етіп домбыраға.
"Қостанай таңы" қазан асты бүгін,
Қасық салып көрейін мол мұраға.
Аламанның айтысқа алауы ыстық,
Алауыздық араны тоңдыра ма?
Аманатын арқалап шыққаннан соң.
Құлпырма өлең құрайық қоржын ала.
 
Ілесіп таба алмайтын ізін аңшы.
Тобырындай құртқаның қыр асатын.
Қаридің намаз үсті киіміндей,
Ғазалдың ғапыл етпес қырауатын.
Диірменнің тасымен қатар жүрген,
Ризығы қара жерден құралатын.
Ассаламуағалейкум, уа, қараша,
Ажырата алатын жыр арасын.
Ту байлап, тулақ тартқан тойы бүгін,
Төрге шықсын, төменге құламасын.
Жүз елу жыл – жүрекке орнатқалы
Мұхаммеджан Сералин мұнарасын.
 
Иіні келген жерге түйе шөгер,
Түлер кезі болады түлкінің де.
Мұхаңдай мірдің оғын қалам етіп,
Талпындым тарихыңда түртілуге.
Есенсіз бе, ертеңнің ел егесі?
Көсем күмбір жататын күркірінде.
Кемелденіп алған соң кетерсің деп,
Күмән тұр ма ағамның кірпігінде?
Жыл-жылмен үйтерсің де бүйтерсің деп,
Бір ғұмырды сыйдырды-ау бір тілімге.
Құмалақшы ападай құрадыңыз,
Құр алдамшы апандай тінтуірге.
Жапырақтай маңдайға не жазылса,
Тапырақтай алмаймыз шын түбінде.
 
 
"Табаныңа батқан тас маңдайыма
Атылса" деп айтатын аға сынды,
"Қалмасаң – жүрегіме жара ғой" деп,
Табан асты тауыстың тағатыңды.
Шынында Торғай жаққа қоныстанып,
Шыбық қыздың талдырмаш бағы ашылды.
Жылы жаққа ұшпастан ұя салсам,
Қоруға құрбың бар ма ағашымды?
Сұңғыла сырттандардан сақтайсыз ба,
Сындыра алмай жүрген қанатымды?
Әйтпесе ә дегенде көріп жүрміз,
Жыланның арғы аяғын табатынды,
Сөз дегенде көжеден күрмек сүзіп,
Іс дегенге ілеспей қалатынды.
 
Ернұр:
Жатпайды алмас қылыш қын түбінде,
Жарамас ел алдында іркілуге.
Қызық өлең өрдің ғой кезек алып,
"Күмән тұр деп ағамның кірпігінде".
"Мірдің оғын қалам етем" деп отырсаң,
Көбейер онда саған күңкілім де.
"Жыланның арғы аяғын табатынды",
-десеңіз қызықпайды жұрт ілімге.
Бүлініп отқаныңыз кімге ұнамды?!
Ілесіп сөйлегенмен ілкі күнге.
Сондықтан сұлу сөйлеп әуреленбе,
Сұлудың ұнамайды сырты кімге.
Жамандарға ілесіп жүрген жоқсың,
Жаңылып сөз айтардай бұл күніңде.
 
Жөн шығар беделіңді түсірмеген,
Жан деме мені өзіңді түсінбеген,
"Қанатымды сындырып алам ба?" деп,
Бүлініп отыр сенің ішің неден?
Онысыз дақ олдап, қорғап жүр едім ғой,
Жарығым, көріп едің қысым неден?
Көжеден күрмек сүзген жан емеспін,
Сөзіміз сай келеді ісімменен.
 
Ойлаған жан екенсің әріні де,
Алаңдап отырсың ғой тағы міне.
Торғайға келін болып қал дегенім,
Разымын тәрбие мен тәліміңе.
Балғынжан, қуаныңыз, жолықтыңыз,
Ел мақтаған жігіттің тәуіріне.
Құдайдың жазғанына шара бар ма?!
Жүректің бағынамыз әміріне.
Жібектей көңілімді баурай білсең,
Төлегендей жетермін қадіріңе.
 
Қазағым ұмытсын ба қаламгерін,
Қаламгер ойлайды ғой әмәнда елін.
Атанған жураналистер атасына,
Сералин Мұхамеджан табанды ерім.
Тұңғыш қазақ журналын ашқаныңда,
Ұлтыма әркез қорған болам дедің.
Ел жайын, жердің жайынк өтергенде,
Жұртымның ықыласын табам дедің.
Тілімдеп теңдік іздеп топжарғаны,
Әділет іздегені заманда оның.
Дінім деп бастың талай мақаланы,
Аллаға ақиқатпен жағам дедің.
Елім деп еміренген қайран ерім,
Алғысым көп айтатын саған менің.
Қазақтың бағы үшін туған ерсің,
Заманда білмей кетті бағаңды елім.
 
Сералин сарқыты ғой Абайлардың,
Үлгі алып еңбегінен арайландым.
Қазігі журналисттер қауымының,
Жұмысына жақтыртпай қарайды әркім.
Шынымен ата жолды қазіргілер,
Біріне айналдырды оңай жолдың.
Мәнісіне бармастан мәселенің,
Бәрін жазып жатыр ғой қарайғанның.
Ішіп-жемін айтқаны кімге керек?
Қалтасы терең болған ағайлардың.
Әнші мен шоумендерді насихаттап,
Тұтатып жүр ғой отын талай даудың.
Күндері өтіп жатыр, төсек аңдып,
Өсегін жинауменен маңайлардың.
Арналардан әртүрлі жобаны ашып,
Танылуды бақытқа балайды әркім.
Осыны көріп өскен бүгінгі ұрпақ,
Жетегінде кетпей ме сан ойлардың.
Атүсті қарап жүрген ата жолға,
Атасын танту керек талайлардың.
 
Жасалсын ғашық жанның қайта амалы,
Аламанда айтуға ой табады.
Гүлқашима дастанын есіңе алсаң,
Ернұрдың көп қой саған айтар әні.
Баймағамбет секілді адал жанмын,
Балғынның оны дұрыс байқағаны.
Сенімді артсаң болды ең бастысы,
Кіршіксіз көңіліміз жай табады.
Ұсындым кезегімді аруыма,
Көрейік не деп жауап қайтарады.
Ерді сыйлау дегенің – елді сыйлау,
Сонда ғана желегің жайқалады.
Қазақы қырық үйдің тәрбиесі,
Қызының қылығынан байқалады.
 
Балғын:
"Айтарын ашықайтқан абайламай,
Дариға-ай ,Махамбеттер, Айбайлар-ай"
Деп өлең мұра еткен Мұқаңдарды
Міскіндер мелшиеді маңайламай.
Отауыңды көтерген ойшылдарды,
Отқа тастап кетеміз оңай қалай?
Тілшінің тіс астында тікен қадап,
Қаламынан қасиет тоналғаны-ай.
Деп, аға, жаның кейіп отыр, білем,
Санаңда серпіліс бар соған қарай.
Жақсыны көре білген көз киелі,
Талғажау қып көрейік тарамдамай.
Өлара шығар бәлкім өркениетте,
Жарқырап қайта шығар жоғалған ай.
Ал соның бір дәлелі осы дода,
Қадамдап алға шыққан, табандамай.
Айтысты айшық етер баспа барда,
Азуланғын артқыға алаңдамай.
 
Қай жыртықты жамайды жарты киіз,
Сырмақ кесте емес пе сөз дегенің.
"Әуреленбе сұлу сөз сөйлеп" дейсіз,
Құр көрік те емес қой көздегенім.
Бетіме бояу құйып жатқам жоқ қой,
Жүзіне жылтыр жағып бөз дененің.
Осындайда  оймақтай ой айтпасам,
Жерге енбей ме жырды іздеп жезді өлеңім.
Тағысын қаға алмасам тарпаң сөздің,
Тарысын талқандаймын өзге ненің?
 
Қалыбын күміс құйған құрышсың деп,
Дүлей ұлға артайын дұрыс міндет.
Бүлініп отырғаным жоқ еді, аға.
Несіне керегеме кірістің кеп.
Қыз тағдыры қылыштың қыры емес пе?
Ұлылығын байқатар ұлыстың көп.
Ту ұстайтын адамым адал болсын,
Торсығын төкпесін деп тырыстым тек,
Шектідей ел шетіне шу төгілсе,
Тектідей шын майданда шынықсын деп.
 
Ақ етін қағаз етіп, қанын сия,
Тамызық еткен тілін тамұқ төнсе.
Ұраным ұлт дер ердің ұрпағысыз,
Қаймықпайтын қапыда қамытқа ерсе.
Асылдың сынығы деп бағаласаң,
Бағыңа қондыра алсаң жігіттерше,
Баймағамбет, Төлеген бол демеймін.
Болды елдің мүддесін ұлық көрсе.
"Қырық үйдің тәртібі – қыз қылығы"
Дөп айттыңыз датқаға үміткерше.
Қырық рудың қайраты – бір жігіттің
Жауласпай жар көңілін жібіткенше.
Қара бала, қазанның қамын жейді,
Төбелі ұл шолақ жеңін түріп келсе.
Торғайдың шабан мінген мұжығы жоқ,
Шетінен шымыр болып шынықты ерше.
Сіз де сондай саңлақтың бірі едіңіз,
Құнан байлап алатын құрық берсе.
Ендеше ердің ісін бақылайын,
Әрекеттің аумағы іріктелсе.
Ап қалуға айлаңыз жетіп жатса,
Басқаның қармағына іліккенше,
Торғайға қызметімді қылмаймын ба,
Үкілім атанса деп үміттенсе.
Төр есікке адалдық етемін ғой,
Төбешікке топырақ үгіткенше.
 
Ернұр:
Қанықсың сен де менің беделіме,
Жұртымның жарап жүрмін керегіне.
Гүлқашима дастанын айтып едім,
Оны жалғап кетпепсің өлеңіңе.
Аруым Торғайымда қалам десе,
Осы ғой жеткендігім дегеніме.
Ақылға жүгінетін жігіт едім,
Ақылдыға айланың керегі не?
Өміріме айналар жансың енді,
Өр елім қанық болды өнеріңе.
Ұзатып алып кетем, қарғам, сені,
Ұзартпай хабар жібер сен еліңе.
 
Қуантып Қостанайдай сары даланы,
Кетейін өлеңімд іжалғап әрі.
Ағайын, өзің куә болып тұрсың,
Арудың болып тұрмыз таңдағаны.
Тағдырын табыстауға дайын тұрған,
Ән-жырым осы аруға арналады.
Келер күнге сеніммен қарайықшы,
Қол бұлғар бізге бақыт алдан әлі.
Еліме қызметімді арнаймын деп,
Көрінді өлеңінде жолдағаны.
Толағайдай тұлғалар туып берсең,
Торғайға қызметің сол болады.
 
Ұстанған ата-баба салтын елім,
Пейіліңе көңілім тәнті менің.
Жырлаппыз біраз жайды осыменен,
Тізгінін ұстасыншы тартып ерің.
Ақтаған жан болайын үмітіңді,
Арқама, елім, жүкті артып едің.
Сақтасын "Елім-ай"-дан қазағымды,
Ақырғы күн жеткенше, бар тілегім.
Тәңіртаудай бақ беріп баршаңызға,
Тойларың тойға ұлассын, халқым, елім.
 
Балғын:
Көргем көп адасқанда ашқан есік,
Келгем жоқ ағайыннан  ас дәметіп.
Даулағаның, ағасы, айып болды-ау,
Дастан жайлы дәріптеп тастап едік.
"Гүлқашима" – гүл тағдыр сор суарған,
Баймағамбет бейіті босқа кетіп.
Бұғағыңа буылдық салма дедім,
Байыбына бармадың басқаға өтіп.
Қыз тағдырын суреттеп бермедім бе,
Түгесілді-ау төккен жыр текке кетіп,
Байекеңді сынаған Сералин де.
Бауына сүрінер деп бұққан етік.
Еліңе еміренсең болды дедім,
Өз қаныңды қапыда төкпе кешіп.
Ақын деген – өлеңнің дәрігері,
Сыртта емес шумақта іштен есіп.
Бұл дастанды оқыпсыз ат үстінде,
Көңілімді кестең де астаң етіп.
Әйтпесе ә дегеннен түсінікті,
Жазылды тайға таңба, тасқа бекіп.
Өлеңнің мағынасын мең қылдыңыз,
Өзіңіз дастан жазар жасқа жетіп.
 
Дана деп даурыққанда дос ағамды,
Тағы тұман кеудемді тоса қалды.
Ақырындап аяңдап жатыр едім,
Даярлап туған жерге "қош-аманды".
Таяқтың екі шетін бағамдамай,
Өшірдіңіз көңілге қашағанды.
Жырымның төркінін де елеместен,
Бейпілдің бәтуасы баталанды.
Санамыз санаспайды-ау ұғыныспай.
Сөзге тұру серіге аса мәнді.
Ақырдан су ішкендей қылдыңыз ғой,
Аттауға бекінгенде босағаңды.
 
Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,
Ғаріптің бір сәтте өңдеп несібесін.
Жаратқанның жарлығын орындадық,
Күту қалды үкімін кесілетін.
Маңғаз сөйлеп, жазылған шумақ болса,
Оқтан өткір оқырман, кешіресің.
Сабақ болар бұл айтыс, қош енді, аға,
Табақ толар сәт келді төс ілетін.
Құзғынның тырнағына ілінбейік,
Таңдайға татырмайық кесір етін.
Көркі бек көременім, көріскенше,
Бөркі тек Алла алдында шешілетін.
Қостанай, қошаман бол қауышқанша,
Даласында дәм-дәнек қана емес,
Даналарға дәнекер өсіретін!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓